Фото: Sn.kz
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы азаматтарды, соның ішінде онлайн-платформаларда пікір білдіру кезінде заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Ult.kz.
Жалған ақпарат пен арандатушылыққа қатысты ескерту
Ведомство мәліметінше, соңғы уақытта жекелеген тұлғалардың ұлттық дәстүрлерге, әдет-ғұрыптарға және көпғасырлық тарихы бар Наурыз мейрамына қатысты теріс пікірлерді жария түрде тарату фактілері тіркелген. Кейбірі мұндай көзқарастарын жалған діни тұжырымдармен негіздеуге тырысқан.
Бас прокуратура мұндай мәлімдемелер Конституция қағидаларына қайшы келетінін, қоғамдық келісімге, ұлтаралық және дінаралық татулыққа қауіп төндіретінін атап өтті.
Журналистер мен блогерлердің жауапкершілігі
Құзырлы орган БАҚ өкілдері, блогерлер және ақпараттық алаң иелеріне ерекше назар аударды. Олардың айтуынша, жалған әрі арандатушылық сипаттағы пікірлерге жария алаң беру қоғам санасына теріс әсер етіп, гендерлік теңсіздікті насихаттап, әйелдердің ар-намысына нұқсан келтіруі мүмкін.
Осыған байланысты медианы кәсіби этика мен объективтілік қағидаларын сақтауға шақырды.
Жауапкершілік шаралары
Прокуратура ескерткендей:
– көрінеу жалған ақпарат тарату Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес жауапкершілікке әкеледі;
– ұлттық, діни немесе әлеуметтік алауыздықты қоздыру 174-бап бойынша ауыр қылмыс саналады;
– сондай-ақ діни қызмет туралы заңнаманы бұзу ӘҚБтК-нің 490-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Бас прокуратура азаматтарды жалған ақпарат таратпауға, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге және қоғамда алауыздық туғызуы мүмкін мәлімдемелерден бас тартуға шақырды. Мұндай фактілер анықталған жағдайда құқық қорғау органдары заң аясында қатаң шаралар қабылдайды.
Айта кетейік, Алматыда өзін имам ретінде таныстырған Ахмет Құрбанәлі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол бұған дейін берген сұхбатында екінші әйелін өз шәкіртіне сыйлағанын айтқан. Сұхбат барысында ол үшінші, жас әйел алғанын, ал екінші жұбайы басқа адамға тұрмысқа шығуға өзі келіскенін мәлімдеген. Оның айтуынша, әйеліне шәкірттерінің бірін таңдауды ұсынған.
Осыған байланысты ол Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 490-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, 25 айлық есептік көрсеткіш (108 125 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар, сұхбатты жариялаған журналист те жауапкершілікке тартылды. Полиция өкілдерінің айтуынша, заңға қайшы мазмұндағы ақпаратты тарату да құқықбұзушылық болып саналады.
Сонымен қатар, “Наурыз – мұсылмандарға жарамайды” деген ер адам ұсталғанын жазғанбыз.
