
Бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев жаңартылатын энергия қуатын арттыруға белсенді қатысып жатқан ел өңірлерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі уақытта республикада белгіленген қуаты 1685 МВт болатын 116 жаңартылатын энергетика нысаны жұмыс істейді. Соның ішінде: - 29 жел электр станциясы, қуаты – 486 МВт;
- 44 күн электр станциясы, қуаты - 962 МВт;
– 38 гидро электр станциясы, қуаты - 230 МВт;
- 5 био электр станциясы, қуаты - 8 МВт.
«2020 жылдың қорытындысы бойынша өндірілген жасыл энергия көлемі 3,24 млрд кВтсағ құрады. Өңірлерде жаңартылатын энергия көздері нысандарын орналастыру ресурстық әлеуетті, электр энергиясына деген қажеттілікті, Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің аймақтары бойынша барынша жол берілетін қуаттарды және инфрақұрылымның әзірлігін ескере отырып жүргізіледі. Бұл Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің сенімді жұмысы үшін жаңартылатын энергия қуатының лимиттерін сақтауға мүмкіндік береді. Осыған орай, ең көп жоба Алматы облысында (32 нысан – 332 МВт), Жамбыл облысында (15 нысан - 318 МВт) және Қарағанды облысында (9 нысан - 233 МВт) жүзеге асып жатыр», - деді министр.
Оның айтуныша, өңірлерде Ақтөбе, Ақмола және Түркістан облыстарының әкімдіктері инвесторларға үлкен қолдау көрсетіп келеді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет отырысында Үкімет басшысы Асқар Мамин ЖЭК-тің өңірлік аймақтарын құру мәселесін пысықтау тапсырды.
