
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Заң жобасына ҚР Парламентінің бір топ депутаты бастамашы болды. Оның негізгі мақсаты - қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту бөлігінде қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру.
Қылмыстық кодекске ұсынылып отырған түзету ынтымақтастық туралы процестік келісімнің барлық шарттарын орындауына байланысты адамдарды қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкіндігіне бағытталған.
Қылмыстық-процестік кодекске түзетулер процеске қатысушылардың пікірлерін ескере отырып, қылмыстық процесті электрондық форматта жүргізу; тергеу судьясының қамауда ұстауға санкция беру, санкция беруден бас тарту туралы қаулыларын қайта қарау кезінде ашық сот отырысын өткізу мүмкіндігіне және басқаларға бағытталған.
Сонымен қатар, бірінші сатыдағы сотта, апелляциялық және кассациялық сатыда судьяға қарсылық білдіруге қатысты нормаларды жетілдіру ұсынылады.
Аталған түзетулерді іске асыру қылмыстық процестің жарыспалылығын және қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Заң жобасын жұмыс тобы аясында талқылау кезінде Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Заңнама бөлімінің ұсыныстары қаралды, құқықтық олқылықтарды жою, заң жобасының нормаларын бір-біріне және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне сәйкес келтіру мақсатында заң жобасының бүкіл мәтіні бойынша редакциялық, нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілді.
