04 ақп, 2021 сағат 09:36

Елімізде ғылымды қаржыландырудың жаңа тетігі енгізіледі

Парламент Сенатының отырысында депутат Бақтыбай Шелпеков осы сұрақты Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қариноваға қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заң жобасын қарастырылып отырған нормалар ғылым саласын ары қарай дамытуға үлкен үлес қосады деп күтілуде. Соның ішінде ғылым саласындағы нақты енгізіліп отырған заң нормасында өзгерістер, оның ішіндегі нақты ғылыми кеңестердің жұмысын үйлестіруге, одан кейін Ұлттық ғылыми сараптама орталығының ашықтығын қамтамасыз етуге, ғылым саласына бөлінген қаражаттың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған нормалар бар», - деді Шолпан Қаринова ғылым жөніндегі заң жобасы талқыланған Сенат отырысында.

Вице-министр сондай-ақ ғылым саласын қаржыландыру жөніндегі Президент тиісті тапсырма бергенін айтып өтті. 

«2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда қаржыландыру 42 пайызға ұлғайтылды. Ал биыл 2021 жылы бұл көрсеткіш тағы 17 пайызға ұлғайтылғанын көріп отырмыз. Сонымен қатар Мемлекет басшысы қаржыландыруды жер қойнауын пайдаланушылардың есебінен 1 пайызға арттыру жөніндегі тапсырма берген. Яғни, алдағы уақытта ғылым тек мемлекеттік бюджеттен емес, жер қойнауын пайдаланушылар арқылы да қаржыландырылады», - деді ол.