24 жел, 2020 сағат 10:10

Елімізде кедендік рәсімдерді өткізу мерзімдері мен тәртібі оңтайландырылмақ

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кедендік реттеу және кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"..

Бұл заңға Парламент депутаттары бастамашы болғанын атап өткен жөн. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, қабылданған заң кедендік рәсімдерді өткізу мерзімдері мен тәртібін оңтайландыруға, кедендік реттеуді жетілдіруге және бизнес ахуалды жақсартуға бағытталған. 

«Осы заң адамның қатысуын барынша азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және құжат айналымын азайту үшін кедендік ақпараттық базаның қызметі мен «Бірыңғай терезе» жүйесі жетілдіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың өтініштерін қарау және сол бойынша шешім қабылдау мерзімдерін қысқартуға жағдай жасайды. Сонымен қатар камералық және көшпелі кедендік тексеріс жүргізу рәсімі қайта қаралады. Алдағы уақытта заң кедендік реттеуді жетілдіруге үлесін қосады деп сенеміз», – деді Палата Спикері.

Сенат депутаты Дәурен Әділбековтің сөзіне қарағанда, заң жобасы осы 

кеден ісі саласындағы мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру және осының есебінен кедендік рәсімдерді оңайлатуға, сыбайлас жемқорлық көріністерін барынша азайтуға бағытталған. 

Аталған заң жобасы бойынша Парламент депутаттары мындай өзгерістер мен толықтыруларға бастамашылық жасады:

- «Бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімдерін едәуір қысқарту;

- Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың әртүрлі санаттарын электрондық форматқа аудару;

- камералдық кедендік тексеруді жүргізу тәртібін регламенттеу және оның мерзімдерін 6 айдан 2 айға дейін қысқарту;

- тексерілетін тұлғаның орналасқан жері бойынша кеден органының көшпелі кедендік тексерулер жүргізуіне шектеулер енгізу; 

- төлеушілерге берешекті өтеу туралы хабарламаны жіберу мерзімін 15-тен 5 жұмыс күніне дейін қысқарту;

- кеден органдарына үшінші елдерден өткізілетін тауарларды ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен өткізілетін тауарларды да сыныптау бойынша қызметтер көрсету бөлігінде қосымша функциялар беру.