
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Биыл, 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдауында заңнаманың жекелеген аспектілерін жетілдіруге бағытталған бірқатар тапсырма берген еді. Ал 20 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның қабылдануы аталған тапсырмаларды іске асырудың нәтижесі саналады.
ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, келесі жылдың басында күшіне енетін Заң мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, судьялар үшін шетелдік банкілерде шоттарды иеленуге, онда қолма-қол ақшалай қаражатты және бағалы заттарды сақтауға шектеу енгізеді. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және пара беруде делдал болғандардың сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілігін қатаңдатады. Ал мемлекеттік қызметшілерде немесе квазимемлекеттік ұйымдардың басшыларында қос азаматтықтың болуы оларды атқарып отырған лауазымнан босату үшін негізге айналады.
«2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізіледі. Өкілеттіктердің нақты ажыратылуы оның ережелерінің бірі болып саналады. Енді прокурор қылмыстық процеске қатысушылардың конституциялық құқықтарын қозғайтын негізгі процестік шешімдерді келісетін болады. Мемлекет басшысының қолы қойылатын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Президенттің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауының жекелеген ережелерін іске асыру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы ұлттық заңнамаға енгізілетін өзгерістердің тағы бір кешенін қамтиды«, - деп атап өтеді министрліктен.
Аталған заң жобасы аясында кәмелетке толмағандарға қарсы жасалатын жыныстық қылмыстарға жауапкершілік қатаңдатылады. Сондай-ақ бұл санатқа жататын қылмыстардың саны көбейтіледі. «Педофилдерді» барынша қауіпсіз мекемелерде ұстау көзделеді. Оларды мерзімнен бұрын босату мүмкіндігі жойылады.
Аталған Заң жобасының қабылдануы сондай-ақ «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкiмшiлiк қадағалау туралы» Заңына өзгерістер енгізеді. Осылайша кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыстық бойынша жазасын өтеген адамдарды әкімшілік қадағалау мерзімі соттылықты өтеу мерзіміне дейін арттырылатын болады.
