03 нау, 2020 сағат 09:35

Филиппинде 30 адамды кепілге алған күзетші өз еркімен берілді

Филиппин астанасындағы сауда орталығында бір адамды атып, тағы 30-ын кепілге алған қаскөй дүйсенбі күні кешкісін билікке өз еркімен берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Chinadaily-ге сілтеме жасап.

Ер адам сауда орталығынан өзі шықпас бұрын барлық тұтқындарды босатқан.

Еске салайық, жұмыстан шығарылған күзетші дүйсенбі күні таңертең сауда орталықтарының бірінде адамдарға оқ атып, 30-ға жуық қызметкерді тұтқынға алған болатын.

Қала мэрі Фрэнсис Замора күдікті пистолетпен қаруланғанын мәлім етті. Ол сауда орталығындағы адамдардың біріне оқ атқан. Зардап шегуші таяу маңдағы ауруханаға жеткізілді.

Ф.Замора полицейлердің қаскүнеммен сөйлесуге тырысқанын хабарлады.

«Ол өзін жұмыстан босатқаны үшін ашулы болды», - деді Замора журналистерге. Басқа да күзетшілерді өзіне қосылуға үгіттемек болған. Алайда, дегеніне жете алмаған. Сондай-ақ, ол қолында тапаншадан бөлек, граната болғанын айтқан. Дегенмен, полиция бұл фактіні растаған жоқ.