27 қаз, 2023 сағат 20:56

Инклюзивті білім аса маңызды


 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Инклюзивті білім беру мамандарын даярлау: стратегиялар, тұжырымдамалар, тәжірибе» атты Халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.


Іс-шара Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Қазақстан Республикасындағы инклюзивті білім беру саласындағы ұлттық стратегия ретінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттердің кәсіби өзін-өзі анықтауын қалыптастыру» жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.


Конференцияға инклюзивті білім беру тәжірибесін дамытатын мамандар, ғалымдар, психологтар, педагогтар, оқытушылар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, әлеуметтік-психологиялық оңалту және психологиялық-педагогикалық қолдау бойынша арнайы саладағы мамандарды даярлаудағы жетекшілер және білім алушылар мен олардың ата-аналары қатысты.


ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі-академиялық мәселелер жөніндегі проректор Лаззат Еркінбаева пленарлық отырысты ашып, конференцияға модераторлық етті. Ол өз сөзінде: «Қазақстандағы мемлекеттік білім беру саясатының стратегияларының бірі ерекше білім беру қажеттіліктері бар азаматтар үшін сапалы білім алуда тең қолжетімділікті құру. Бұл мәселені шешудің маңызды факторы – инклюзивті білім беру мамандарын даярлау. ҚазҰУ осы стратегияны іске асыруда елдің жетекші жоғары оқу орны болып табылады. Университет базасында ҚР жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беру жөніндегі республикалық үйлестіру кеңесі құрылды. Сондай-ақ «Инклюзивті орта» ғылыми-практикалық орталығы да құрылып, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бірқатар ғылыми жобалары іске асырылуда. ЖОО-да инклюзивті білім беру ұйымын оқу-әдістемелік қамтамасыз ету бойынша да жұмыс жүргізілуде», – деді.


Өз кезегінде  Парламент Мәжілісінің депутаты Кенжеғұл Сейтжан: «Егер сіз ерекше қажеттіліктері бар студенттерге білім беруге мұқият және ынталы болсаңыз, студенттер мен профессорлардың бір-бірімен тиімді байланыста болуына жағдай жасаңыз, нәтиже болатыны анық. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ инклюзивті және әлемдегі ең үздік университеттер қатарына болады деп сенемін. Мен бұл бағыттағы заң шығару саласында қолдан келген көмегімді аямаймын», – деп атап өтті.


Отырыста Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйгерім Кудеринова, педагогика ғылымдарының докторы, Халықаралық педагогикалық білім академиясының академигі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ педагогика және білім менеджменті кафедрасының профессоры Ақмарал Мағауова, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік университетінің педагогика кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Марина Уразова және басқалар баяндама жасады.


Ауқымды халықаралық шара аясында пленарлық отырыс, дөңгелек үстел, шеберлік сағаттар өтіп, шетелдік және қазақстандық ғалымдардың инклюзивті білім беру мәселелері бойынша ғылыми-әдістемелік әзірлемелерінің көрмесі өтті.


Конференцияға қатысушылар инклюзивті білім беру мамандарын даярлаудың ғылыми және практикалық аспектілерін талқылап, өзекті саладағы жұмыстың одан арғы стратегиясын пайымдау бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, өзара пікір алмасты.


Қарагөз СІМӘДІЛ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 

Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушысы