25 ақп, 2020 сағат 07:10

Италияда коронавирустан жетінші адам қайтыс болды

Италияда дүйсенбі күнгі мәлімет бойынша коронавирустан қайтыс болғандар саны 7 адамға жетті, деп хабарлайды dw.com сайты.

Олардың бесеуі бір тәулікте көз жұмған. Елдің солтүстігінде COVID-19 вирусын жұқтырды деп 220 адамға диагноз қойылды. Олардың көпшілігі – Ломбардия мен Венетода.

Билік солтүстік Италиядағы барлық мектеп, университет, мұражай мен кинотеатрларды кемінде бір аптаға жапты, сондай-ақ бұқаралық шараларға, оның ішінде танымал Венеция карнавалы да тоқтатылды. Мейрамханалар жабық, көптеген компаниялар қызметкерлеріне үйден жұмыс істеуге рұқсат берді. Жалпы алғанда 50 мыңнан астам адам тұратын 11 елді мекен вирустың таралу қаупіне байланысты карантинге жабылды. Билік осы шаралар бір апта ішінде инфекцияның таралуын тоқтату үшін жеткілікті болады деп үміттенеді.

Италияда көлемі бойынша екінші қала, қаржы астанасы 1,3 миллион адам тұратын Миланда қаланың бас готикалық шіркеуі жабылды, «Ла Скала» опера театрында қойылымдар тоқтатылды, А сериялы футбол чемпионатының матчтары кейінге шегерілді.

Италияның турист индустриясы айтарлықтай шығынға ұшырайды. Сарапшылар елдің өнеркәсіптік аудандарында коронавирустың өршуіне байланысты Италия экономикасына рецессия қауіп төндіруі мүмкін деп ескертті. Италия қор нарығы дүйсенбі күні шамамен 5%-ға төмендеді.

Еске сала кетсек, дүйсенбі күні Ломбаридия губернаторы Аттилио Фонтана коронавирустан бесінші құрбан 84 жастағы қарияның ауруханада көз жұмғанын растады.