18 қар, 2025 сағат 00:19

Қаллеки театрының негізін қалаушылардың бірі - Рымкеш Омарханова дүниеден өтті

Фото: Қаллеки театры

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры 86 жасқа қараған шағында қазақ театр өнерінің майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Рымкеш Омарханованың дүниеден өткенін хабарлады, деп жазады Ult.kz.

Театр ұжымы ақ самайлы актрисаның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтты.

Рымкеш Омарханқызы — қазақ сахна өнерінің дамуына жарты ғасырдан астам уақытын арнаған дара тұлға. Ол 150-ден астам рөл сомдап, ұлттық театрдың алтын қорын байытқан. Шығармашылық жолын Қарағандыдағы С.Сейфуллин атындағы театрдан бастап, кейін елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың құрылуына үлкен үлес қосты.

Актрисаның Мақпал (Ғ. Мүсірепов «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу»), Төлегеннің анасы («Қыз Жібек»), Мөржан (М. Әуезов «Қарагөз»), Еңлік («Еңлік–Кебек»), Таңқыбике («Түнгі сарын»), Толғанай (Ш. Айтматов «Ана–Жер–Ана»), Катерина (А. Островский «Найзағай»), Джульетта (У. Шекспир «Ромео мен Джульетта»), Биғайша (Т. Ахтанов «Күшік күйеу»), Ганна (А. Дударев «Кеш») сынды рөлдері көрермен жүрегінде сақталып қалды.

Театр ұжымы Рымкеш Омарханованың есімі мен өшпес мұрасы қазақ мәдениетінде мәңгілікке ұлықталатынын атап өтті.