
«Қарапайым заттар экономикасы» жобаларының саны 900-ден 2600-ге дейін, яғни 2,5 есе артты. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы отандық өндірісті дамытудың инвестициялық құралы болып, өз тиімділігін дәлелдеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бағдарламаны жалпы қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды. Пандемияға қарамастан жобалардың саны 900-ден 2600-ге жетіп, 2,5 еседен астам өскенін көріп отырмыз, ал олардың сомасы 3,5 есеге артып, 216 млрд теңгеден 700 млрд теңгеге жетті. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде жұмыс орындарының саны 20 мың болады деп жоспарланып отыр», - деді А. Мамин Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Бағдарлама импортты алмастыруға және халық тұтынатын тауарлар мен қызметтердің өндірісін дамытуға бағытталған нақты жобаларды іске асыруға мүмкіндік берді.
Сонымен бірге реттелетін сатып алудағы жергілікті қамту да - маңызды мәселе.
«Отандық тауар өндірушілерді қолдау жөнінде тиімді шаралар әзірленді, соның нәтижесінде жергілікті қамту үлесі өткен жылмен салыстырғанда 2 есе өсіп, 1,5 мыңнан астам отандық кәсіпорындарды қолдауға мүмкіндік берді. Бұл жалпы өнеркәсіпті дамытуды қамтамасыз етуге және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді. Өнім сатып алуда жергілікті қамтудың жоғары өсу серпіні байқалып отырған салаларды атап өтсек, олар: жеңіл өнеркәсіп – 38-ден 68% дейін, жиһаз өнеркәсібі – 39-дан 71% пайызға дейін, тамақ өнеркәсібі – 41-ден 74% пайызға дейін, құрылыс материалдары – 34-тен 71% пайызға дейін артқан», - дейді Үкімет басшысы.
Өңірлер бойынша алдыңғы қатарда Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстары тұр.
«Сонымен қоса, Маңғыстау, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері тарапынан тиісті жұмыс жүргізілмеген, осы облыстарда кейбір салалар бойынша жергілікті қамту үлесі 24-тен 43%-ға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл жерде әкімдіктердің жұмысын жандандыру керек», - деді Премьер-Министр.
