15 жел, 2020 сағат 07:30

Қарапайым заттар экономикасы: Қазақстанда өңделген өнімнің өндірісі артты

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Соңғы үш жылда дайын, өңделген өнім өндірісінің едәуір өскені байқалады. Атап айтқанда, «Қарапайым заттар экономикасы» салаларында өнім шығару көлемі 2018 жылғы 8,9 трлн теңгеден 2019 жылы 10,1 трлн теңгеге дейін өсті. Биыл өсім жалғасты. 10 айда нақты көлем индексі 104 пайызды құрады. Дайын, өңделген өнімді шығару озық өсімді көрсетіп отыр», - деді министр. 

Оның айтуынша, дайын, өңделген тауарлар шығарылымының өсуіне байланысты импорт үлесі төмендеген. Тұтынудағы қазақстандық тауарлар өндірісінің үлесі өсіп жатыр. 

«Осылайша 2020 жылы отандық өнім өндірісінің үлесі 2,5 пайыздық тармаққа өсті. Азық-түлік, құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, жиһаз, машина мен жабдықтар өндірісі артты. Соңғы 2 жылда өнімнің бірқатар түрлері бойынша өсім екі мәнді көрсеткіштерге, ал жекелеген түрлері бойынша 1,5-2 есеге жетті. Осы жылы өндірістің өсу қарқыны жалғасты. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру дайын, өңделген өнімнің өсуіне ықпал етеді», - дейді Руслан Дәленов.