Фото: old.aiu.kz
Қазақ халқының бірегей ұлт екендігі тарихымыздан, мәдениетіміз бен рухани құндылықтарымыз негізінде әлдеқашан айқындалып қойған. Алайда осы ұлттық ішкі «кодымызды» қазіргі жаһандану дәуірінде бұзбай, ұлттық сана мен біртұтастығымызды сақтай отырып өмір сүру өзекті мәселеге айналып отыр. Ұлттық құндылығымыз бен жастар тәрбиесі руханиятымыздың басты тірегі десек, сол діңгекті нық ұстап тұру бүгінгі қоғамға артылып отырған ауыр жүк. Осы тақырыпқа қатысты Астана Халықаралық университетінің «Өнер және гуманитарлық пәндер жоғары мектебі» кафедрасының аға оқытушысы Қаршыға Серікұлын сұхбатқа тартқан едік.
- Жаһандану жағдайында ұлттық салт-дәстүрлерімізге төнген қауіп қандай және оны сақтап қалуда жауапкершілік кімдерге жүктеледі?
Қазіргі жаһандану дәуірінде әлем халықтары бір-бірімен тығыз байланысқа түсіп, мәдени, экономикалық және ақпараттық кеңістікте біртұтас сипат ала бастағаны белгілі. Бұл үдеріс адамзат дамуына жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, әр ұлттың өзіндік ерекшелігіне, оның ішінде салт-дәстүрлеріне белгілі бір деңгейде қауіп төндіреді. Осындай жағдайда ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесі ерекше өзектілікке ие болады. Ең алдымен, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтаудағы жауапкершілік отбасыдан бастау алады. Себебі әрбір бала дүниеге келген сәттен бастап ұлттық тәрбиені ең алдымен ата-анасынан, ата-әжесінен алады. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, қонақжайлық, тіл мен ділге құрмет – осының бәрі отбасында қалыптасады. Егер ата-ана өз мәдениетіне немқұрайлы қараса, бала да ұлттық құндылықтарға мән бермей өседі. Сондықтан отбасы – ұлттық тәрбиенің негізгі тірегі. Сонымен қатар, бұл жауапкершілік білім беру жүйесіне де жүктеледі. Мектеп пен жоғары оқу орындары жастарға тек білім беріп қана қоймай, олардың дүниетанымын қалыптастырады. Қазақ әдебиеті, тарихы, мәдениеті арқылы жастар өз халқының өткенін танып, болашағына жауапкершілікпен қарай бастайды. Егер білім жүйесі ұлттық мазмұнмен толыққан болса, онда ол жас ұрпақтың рухани негізін нығайтады. Мемлекет пен қоғам да бұл үдерістен тыс қалмайды. Ұлттық мерекелерді жаңғырту, мәдени жобаларды қолдау, ана тілінің мәртебесін көтеру – мұның бәрі дәстүрді сақтауға бағытталған маңызды қадамдар. Қоғамда ұлттық құндылықтарға деген сұраныс болған сайын, олар өз маңызын жоғалтпайды.
- Қазіргі жастар ұлттық құндылықтарымыздан алыстап бара жатқан жоқ па?
Бұл жерде екіжақты пікір бар. Бір жағынан, кей жастар шетел мәдениетіне еліктеп, ана тілін шұбарлап сөйлеп, дәстүрлерге немқұрайлы қарайтыны байқалады. Бұл – жаһанданудың тікелей әсері. Екінші жағынан, бүгінгі жастардың арасында ұлттық музыкаға, дәстүрлі өнерге, қазақы стильге қызығушылық танытып жүргендері де аз емес. Олар ұлттық мәдениетті жаңа форматта дамытып, оны заман талабына бейімдеуде. Бұл қуантарлық үрдіс. Ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау – тек бір буынның немесе бір мекеменің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әсіресе жастар бұл үдерісте шешуші рөл атқарады. Егер әрбір адам өз ұлттық болмысын қадірлеп, оны күнделікті өмірінде қолданса, онда жаһандану дәуірінде де ұлттық құндылықтарымыз сақталып қана қоймай, жаңа деңгейде дамитын болады.
- Рухани құндылықтарымызды сақтау тек мәдениет саласының емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі емес пе?
Әлбетте, рухани құндылықтарды сақтау – тек мәдениет сала өкілдерінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Егер бұл жауапкершілік тек мәдениет мекемелеріне (музей, театр, кітапхана) жүктелсе, онда рухани құндылықтар тек ресми деңгейде ғана сақталып, күнделікті өмірден алыстап кетуі мүмкін. Ал шын мәнінде рухани құндылықтар – адамдардың күнделікті әрекеті, қарым-қатынасы, тілі мен мінез-құлқы арқылы өмір сүретін тірі құбылыс. Ең алдымен, бұл жауапкершілік отбасынан басталады. «Тәрбие – тал бесіктен» дегендей, балаға адамгершілік, сыйластық, ұлттық дәстүр сияқты қасиеттер ата-ана арқылы беріледі. Егер отбасы осы құндылықтарды сақтамаса, оны кейін ешбір мекеме толық қалыптастыра алмайды. Екіншіден, білім беру жүйесі үлкен рөл атқарады. Мектеп пен университет тек білім беріп қана қоймай, жастардың дүниетанымын, моральдық ұстанымдарын қалыптастырады. Әдебиет, тарих, философия сабақтары арқылы оқушылар рухани тереңдікке үйренеді. Үшіншіден, қоғам мен әрбір жеке адам жауапты. Әр адам өз тілін құрметтеп, дәстүрін ұстанып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетсе – бұл рухани құндылықтардың нақты көрінісі. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген мақал да осыны меңзейді. Әрине, мәдениет саласының да орны ерекше. Театр, өнер, әдебиет, мәдени іс-шаралар арқылы ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар насихатталады. Бірақ олар бағыт көрсетуші ғана, ал оны өмірде жүзеге асыратын – халықтың өзі.
- Егер біз бүгін ұлттық құндылықтарды сақтай алмасақ, болашақ ұрпақ қандай қоғамда өмір сүреді?
Онда болашақ ұрпақ рухани тамырынан ажыраған, болмысы әлсіреген қоғамда өмір сүруі мүмкін. Ең алдымен, мұндай қоғамда ұлттық бірегейлік (идентичность) әлсірейді. Адамдар өз тілін, тарихын, дәстүрін терең білмегендіктен, «кімбіз?» деген сұраққа нақты жауап бере алмайды. Бұл – ішкі рухани дағдарысқа алып келеді. «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген ой осының айқын дәлелі. Екіншіден, мәдениет біртіндеп жойылып, біртектілікке (унификацияға) ұшырайды. Барлығы бірдей ойлайтын, бірдей киінетін, бірдей өмір сүретін қоғам қалыптасады. Мұндай ортада ұлттық ерекшелік, рухани байлық жоғалады. Үшіншіден, ұрпақтар арасындағы байланыс үзіледі. Егер жастар ата-баба дәстүрін білмесе, үлкен буын мен жас буын арасында түсініспеушілік пайда болады. Ал бұл қоғамның тұтастығына кері әсер етеді. Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді – яғни рухани мұра материалдық байлықтан да маңызды. Егер бүгінгі ұрпақ ұлттық құндылықтарды сақтап, оны заманауи өмірмен үйлестіре алса, болашақ қоғам керісінше рухани бай, өзіндік келбеті бар, берік қоғам бола алады.
- Ұлттық «кодымызды» қазіргі жаһандану дәуірінде бұзбай, біртұтастығымызды сақтап тұру үшін не істеуіміз керек және не істеліп жатыр?
- Қазақ халқының рухани әлемі ғасырлар бойы қалыптасқан терең дүниетанымға, асыл мұраларға сүйенеді. Сол мұралардың ішінде Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы және Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы т.б. алаш тұлғалараның еңбектері – ұлт руханиятының алтын қазығы, мызғымас діңі. Олардың шығармалары қазақтың тек өткенін емес, бүгінін де, болашағын да айқындайтын рухани бағдаршам іспетті. Бүгінгі жаһандану дәуірінде де Абай айтқан құндылықтар өз маңызын жойған жоқ, керісінше одан сайын өзекті бола түсті. Шәкәрім Құдайбердіұлы «ар ілімі» арқылы адамның ішкі рухани тазалығын ең басты құндылық ретінде қарастырды. Ол адамды тек білімді ғана емес, арлы, әділетті, адал болуға үндеді. Бұл – бүгінгі қоғам үшін аса маңызды қағида. Ал Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы – халықтың ауыз әдебиетін, тарихын, шежіресін жинақтап, ұлттың рухани жадын сақтап қалған тұлға. Оның еңбектері арқылы біз қазақтың көне дүниетанымын, салт-дәстүрін, наным-сенімдерін тереңірек түсінеміз. Ол – ұлттың өткенін бүгінмен жалғаған алтын көпір. Осы үш тұлғаның еңбектерін біріктіретін ортақ қасиет – ұлттық болмысты сақтау мен адамды рухани жетілдіру идеясы. Олар қазақ халқының «ішкі кодын» сақтап қалудың жолын көрсетіп берді: білім, ар-ұждан, дәстүр мен тарихқа адалдық. Қазіргі жаһандану дәуірінде бұл мұралардың маңызы бұрынғыдан да арта түсуде. Себебі сыртқы мәдени ықпал күшейген сайын, ұлттың өзін сақтап қалуы үшін ішкі рухани тірек қажет. Ал Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп еңбектері – дәл осындай мызғымас тірек.
-Сұхбатыңызға көп рахмет!
Астана Халықаралық университетінің
«Өнер және гуманитарлық пәндер жоғары мектебі»
кафедрасының аға оқытушысы Мұқыш Қаршыға Серікұлы
