Фото: Ақорда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев музейлердің тарих пен мәдениеттің асыл қазынасы екенін атап өтіп, олардың дамуына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Президенттің айтуынша, соңғы уақытта еліміздің жетекші үш музейіне ұлттық мәртебе беру олардың қызметіне тың серпін әкелді. Бұл мәртебе ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейтуге және тарихи-мәдени ескерткіштерді зерделеуде музейлердің әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік туғызады.
"Сарайшық қалашығы зерттеушілердің ерекше қызығушылығын тудырады. Оған жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің тарихи-мәдени мұрасына арналған бірыңғай цифрлық платформа құру туралы бастаманың берері мол", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, құжаттық мұраларды «Әлем жады» тізіміне енгізу де маңызды бағыт ретінде қарастырылуда.
"Биыл әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтеміз. Мерейлі даталарға орай өтетін іс-шаралар мазмұнды, тағылымды болуы керек. Халық руханиятының тағы бір маңызды қыры – сәулет өнері. Қалалар мен елді мекендер келбеті – ұлт мәдениетінің айнасы. Ұлттық архитектура, түптеп келгенде, ұлттық санаға ықпалын тигізеді, – деп атап өтті Президент.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев сәулет өнерін ұлттық нақышқа бейімдейтін жас таланттарға қолдау көрсетудің маңыздылығын айтты. Осы мақсатта жас сәулетшілердің байқауын ұйымдастыру және Ұлттық сыйлық тағайындау туралы ұсыныс білдірді.