29 қаң, 2021 сағат 09:06

Қай мемлекеттік органдар жемқорлықтың алдын алмай отыр?

Еліміздің Ішкі істер және Ауыл шаруашылығы министрліктері жемқорлықтың алдын алу шараларын қабылдамай отыр. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен жемқорлықтың алдын алу бойынша басшылары белсенді шаралар қабылдамайтын мемлекеттік органдар анықталды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша – бұл Ішкі істер және Ауыл шаруашылығы министрліктері, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті. Мұны Transparency Kazakhstan әлеуметтік зерттеуінің және қылмыстық-тергеу практикасының нәтижелері растайды. Елбасының «Адалдық алаңы» жобасын барлық өңірлер мен орталық мемлекеттік органдар деңгейінде тарату туралы тікелей тапсырмасына қарамастан, ІІМ тұрмыстық жемқорлық проблемасы толық шешілгендей, жобалық кеңсенің ашылуына кедергі келтіруде. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуден бас тартуы да түсініксіз», - деді Алик Шпекбаев агенттіктің алқа отырысында. 

Агенттік басшысының айтуынша, АШМ жемқорлыққа қарсы кешенді мониторингтің қорытындылары бойынша бұрынғыдай көштің артында қаып отыр. 

Ведомство әсіресе ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау тәртібін жетілдіруге қатысты агенттік ұсыныстарын толық көлемде орындамайды. 

«Байлар байып, кедейлер кедейлене береді демекші, бұл жемқорлықты ғана емес, сонымен қатар бизнесті теңсіз жағдайға қояды. Толыққанды алдын алу шаралары Мемлекеттік кірістер комитетінде де жоқ. Азаматтар мен кәсіпкерлердің кеден және салық органдарындағы жүйелі түрде алым-салық алуға тұрақты шағымдары - мұның айқын дәлелі. Жалпы, барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдар өз жұмысының жемқорлыққа қарсы әлеуетін өсіріп, тіпті қызметкерлері жемқорлық әрекеттері туралы ойлауға да мұрша бермейтін жағдай жасауы тиіс», - деді агенттік төрағасы.