© Sputnik / Эдуард Галеев
Алматы жұртшылығы Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовті ақтық сапарға шығарып салды. Жазушымен қоштасу Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті. Қаралы жиынға жүздеген адам жиналды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
© Sputnik / Эдуард Галеев
Жазушымен қоштасуға қала тұрғындары, марқұмның жақындары мен әдебитеттегі әріптестері, мемлекеттік хатшы Ерлан Карин, мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Алматы әкімі Ерболат Досаев пен саясаткерлер Бақытжан Сағынтаев пен Қырымбек Көшербаев, Иманғали Тасмағамбетов қатысты. Мемлекеттік хатшы Ерлан Карин президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып, марқұмның туыстарына табыстады.
"Аса көрнекті қаламгер, Қазақстанның еңбек ері, халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын. Әбдіжәміл Кәрімұлы сұрапыл соғысты бастан кешіп, елге оралған соң қазақ әдебиетін өркендетуге сүбелі үлес қосты. Ұзақ жылғы шығармашылық қызметі жемісті болды. "Қан мен тер" трилогиясы, "Соңғы парыз" дилогиясы сияқты туындылары сыншылар мен оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алды. Заман жүгін көтерген романдары әлемнің көптеген тіліне аударылды. Әбдіжәміл Кәрімұлының жаңа белесті бағындырған қазақ әдебиетін шетелге танытуға сіңірген еңбегі орасан зор. Ол ұлт руханиятының көшбасшысы болды. Ол – ұлт классиктерінің жолын лайықты жалғастырған қуатты қаламгер. Өзі де қазақ әдебиетінің партиархына айналды. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің соңында ұрпаққа үлгі, ұлысқа игі болатын шығармалар қалды. Елге ес, сыртқа сес болған жазушының енді екінші өмірі басталды", - делінген мемлекет басшысының жеделхатында.