Фото: creativecommons.org
Музыка – адам жанының айнасы. Ал рок сол айнада еркіндік пен рухтың жарқылы. Бұл тек дыбыс пен ырғақ емес, бұл – адамның ішкі әлеміндегі тәуелсіздікке ұмтылыс, сана мен сезімнің жаңғыруы. ХХ ғасырда Джон Леннон бастаған бұл бағыт бүгінде қазақ сахнасында да өз үнімен, өз болмысымен өмір сүріп келеді. Осы орайда Ult.kz тілшісі әлем елдерінде қарқынды дамып, Қазақстанға да жеткен рок бағытының өкілдерін теріп көрді.
Рок жанрының тууы мен әлемді баурауы
1940 жылдың 9 қазанында дүниеге келген Джон Леннон рок әлемінің мәңгілік символына айналған есім. Ол The Beatles тобының негізін қалаушы ғана емес, бүтін бір ұрпақтың ойлау жүйесін, өнерге көзқарасын өзгерткен тұлға еді. «Yesterday», «Hey Jude», «Imagine» сияқты әндер әлем тыңдарманының жүрегіне үңіліп, бейбіт өмір мен адамгершілікке шақырған рухани үнге айналды. Әсіресе «Imagine» туындысы соғыстан шаршаған адамзатқа бейбіт әлем туралы арман сыйлаған ән. Әр жолында адамзатқа деген сенім, ізгілік, үміт бар. 1980 жылы Леннон небәрі қырық жасында қастандық құрбаны болғанымен, оның дауысы өшкен жоқ. Ол бүгінде де еркіндікке сенген ұлттардың, әділдік іздеген жандардың рухани серігіне айналып отыр.
1950-жылдары Америкада дүниеге келген рок-н-ролл – ритм-н-блюз бен кантридің түйіскен тұсынан пайда болған жаңа музыкалық мәдениет. Элвис Пресли, Чак Берри, Литтл Ричард сынды тұлғалар бұл бағытты ұлт пен тіл шекарасынан асырып, бүкіл әлемге жастықтың, еркін ойдың, қоғамға қарсылықтың символы ретінде ұсынды. Көп ұзамай бұл толқын Атлант мұхитын асып, Ұлыбританияда The Beatles пен The Rolling Stones сияқты топтардың шығармашылығында жаңа қарқынмен жалғасын тапты. Осылайша рок бүкіл адамзат мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды.
Қазақ рогының тамыры мен тынысы
Қазақстандағы рок мәдениетінің тарихы да – бір дәуірдің айнасы. 1970–1980 жылдары «Дос-Мұқасан» ансамблі ұлттық әуенді заманауи ырғақпен тоғыстырып, қазақ сахнасына тың серпін әкелді. Бұл ұлттық үн мен әлемдік бағыттың үндескен алғашқы тәжірибесі еді. Кейін «Арай», «Бумеранг», «А-Студио» сынды ұжымдар қазақ рокының алғашқы буынын қалыптастырды. Бұл топтардың шығармашылығында еркін ой мен қоғамдағы жаңа толқынның даусы естілді.
1990-жылдары тәуелсіздік алған елімізбен бірге қазақ рокы да жаңа тыныс алды. «Адаптация», «Motor-Roller», «Урфин Джюс» топтары қоғамдағы өзгерістер мен жаңа идеалдарды музыкалық тілмен жеткізді.
1992 жылы Алматыда құрылған Holy Dragons тобы қазақ сахнасындағы heavy metal бағытындағы бірегей ұжым болды. Гитарист Юрген Тандерсон мен вокалист Олег Комаров негізін қалаған топ жиырмадан астам альбом шығарып, Ресейдің және Еуропаның ірі лейблдарымен жұмыс істеп келеді. Олардың орындауындағы музыка нағыз энергетика, ХХ ғасырдың нағыз «темір дәуірінен» жеткен үн.
Өскемен қаласында 1992 жылы құрылған Subkultura тобы өз жолын поэзиядан бастаған рокшылар ұжымы. Топтың мәтіндері мен әуендері орыс рогының мэтрлері Чайф, ДДТ, Алиса шығармашылығымен үндес. Этно мен фолкты үйлестірген топ бүгінде Қазақстан мен Ресей сахналарында жиі гастрольге шығып, тыңдармандардың сүйіктісіне айналды.
1993 жылы Ілияс Аутов құрған Motor-Roller тобы еліміздегі рок сахнасының ақсақалы. Ілияс топтың басым бөлігінің авторы әрі орындаушысы. Топтың «Старый Новый Рок», «Rock-Line», «K!nRock» сияқты халықаралық фестивальдерге қатысуы қазақстандық роктың әлеуетін көрсетеді. Ал «Чайф» тобының солисі Владимир Шахринмен бірге жазған «Утро в деревне» әні тыңдарман жүрегінен ерекше орын алды. Motor-Roller шығармашылығында The Beatles, Pink Floyd, Led Zeppelin әсері сезілгенімен, оның сарынында қазақы сезім мен кеңістік бар.
Ал 2000-жылдары «Ұлытау» этно-рок тобы қазақтың киелі домбыра үні мен роктың қуатты ырғақтарын үйлестіріп, ұлттық дыбысты әлемдік сахнаға алып шықты. Голливудта өткен халықаралық байқауда аталған топтың Гран-при иеленіп, қазақ мәдениетінің жаңа келбетін танытты. Бұл домбыраның үні мен электрогитараның екпіні тоғысқанда туған ұлттық мақтаныш болатын. Топ репертуарында Құрманғазы, Тәттімбет, Нұрғиса Тілендиевтен бастап Бах пен Паганиниге дейінгі классиктердің шығармалары бар.
Жаңа толқын және заманауи үн
Бүгінгі рок толқынына Эклектика, FUGAWZ, Cardio Beat, Кукумбер, LampЫ Orchestra сияқты жас топтар да өз үнін қосты. Олардың әрқайсысы өзіндік ерекшелігімен дара: бірі гранж бен брит-попты үйлестірсе, екіншісі ұлттық элементтерді заманауи аранжировкалармен ұштастырады. Олардың бірі фолк пен этникалық сарындарды, енді бірі брит-поп пен альтернативті бағытты тоғыстырып, жаңа мәдени синтез қалыптастырды. Бұл бүгінгі қазақ жастарының ішкі дүниесін, қоғамға көзқарасын, өзіндік философиясын білдіретін өнер.
Қазақ эстрадасындағы рок жанры туралы сөз қозғалғанда, ең алдымен аталатын есімдердің бірі – Әсем Көпбаева. Ол қазақтан шыққан алғашқы рокерша ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген өнер иесі.
Әсем Көпбаева Сергей Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының актерлік бөлімін тәмамдаған. Қазір ол «Tengri» тобында өнер көрсетіп келеді.
Өзінің айтуынша, Әсем рок музыкаға саналы түрде келмеген. Ритмі мен мінезі жанына жақын болғандықтан, сол бағыттағы әндерді орындаған. Кейін жұртшылық оның орындау мәнерінен рок сарындарын байқап, «қазақтың рокер қызы» деп атап кеткен.
Әсем бұл туралы бір сұхбатында былай деген:
ол рок бағытында ән айтуға арнайы ұмтылмаған, бірақ сахнаға шыққанда халық оның энергетикасын рок стилімен байланыстырған. Оның пікірінше, роктың да түрлі тармақтары бар: софт-рок, поп-рок, хард-рок. Әсем өз бағытын поп-рокқа жақын деп есептейді.
Бала кезінде ол Виктор Цойдың шығармашылығын сүйіп тыңдаған, ал бойжеткен шағында Земфираның әндерінен рухани әсер алған. Сол әсер оның музыкалық талғамын қалыптастырғандай. Музыкаға деген сүйіспеншілігімен қатар, Әсем актерлікке де ден қойған. Ол Мәскеуде актерлік білім алғанымен, бала кезден әнші болуды да армандағанын айтады. Өнерге деген алғашқы қадамдарын ол Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжінде жасаған. Колледжде Әсемге марқұм Зейнеп Қойшыбаева ұстаздық етті. Сондай-ақ Қайрат Байбосынов, Нұрғали Нүсіпжанов, Лаки Кесоглу және Роза Рымбаева сынды қазақ өнерінің майталмандарынан тәлім алған. Осы оқу орнын тәмамдаған соң, ол Мәскеуге жол тартып, кинематография институтына түседі.
Осылайша, Әсем Көпбаева өнер мен музыканы, актерлік пен сахнаны қатар алып жүрген ерекше тұлға ретінде қазақ музыка тарихында өз орнын қалыптастырды. Ол үшін рок — тек бағыт емес, еркіндік пен ішкі әлемнің көрінісі.
Қазақ рокының өз ерекшелігі бар. Атап айтқанда, ұлттық тамыр домбыра мен қобыз үні электрогитарамен үндеседі, қазақ, орыс, ағылшын тілдері қатар қолданылады, тақырыптық бағытында еркіндік, ұлттық сана, рухани ізденіс, әлеуметтік әділет, философиялық өзегінде дала кеңдігі мен адамның ішкі еркіндігі арасындағы үндестік бар.
Бүгінгі қазақ рокы жай ғана музыкалық ағым емес, ол рухани ізденістің, азаматтық ұстанымның, еркін ойдың көрінісі. Джон Леннон армандағандай, бейбіт те азат әлем туралы арман қазақ даласында да жалғасып тұр. Өйткені рок қарсы шығу емес, өз болмысыңды табу жолы. Рок – адам рухының айғайы, еркіндіктің әуені, ұлттық сананың жаңғырығы.
Ақбота Мұсабекқызы
