Фото: ҚР ЭТРМ
8 тамызда Финляндия астанасы Хельсинкиде өткен халықаралық кинологиялық федерация (FCI) аясындағы World Dog Show 2025 көрмесінде қазақ тазысы ресми түрде әлемге таныстырылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Қазақстан делегациясы халықаралық талаптарға сай іріктелген және арнайы дайындықтан өткен 8 тазыны апарды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 25 мың үздік иттің ішінде қазақ тазысы FCI ұйымында тіркелген дербес ит тұқымы ретінде алғаш рет көрермен назарына ұсынылды.
Алғашқы қатысуда-ақ отандық тазылар жүлдесіз қайтпады:
-
Темірлан – 2025 жылғы Әлемнің жас чемпионы
-
Лашын – Әлем чемпионы және Финляндия чемпионы
-
Ару – Әлем чемпионы және Финляндия чемпионы
-
Көксерек пен Пана – Әлемнің вице-чемпиондары
Көрме қонақтары Қазақстан павильонын ерекше қызығушылықпен тамашалады. Ұлттық атрибуттармен безендірілген жартылай орда түріндегі алаңда қонақтар тазылармен суретке түсіп, олардың тарихымен және ерекше қасиеттерімен танысты.
Қазақстан кинологтары одағы тазының шығу тегі, мінез-құлқы мен қазақ мәдениетіндегі орны туралы баяндап, оның жеті қазынаның бірі саналатынын атап өтті.
Бұл таныстырылым Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан қазақ тазысы тұқымын сақтау және әлемге таныту бағдарламасының маңызды кезеңі саналады. 2023 жылы Қазақстан кинологтары одағы FCI-дың толық мүшелігіне өтіп, ұлттық ит тұқымдарын халықаралық деңгейде таныстыру құқығына ие болды. 2024 жылы Амстердамда қазақ тазысы ресми түрде танылып, Қазақстанға оның толыққанды иесі мәртебесі берілді.
2034 жылға қарай тазы тұқымын толық тану көзделіп отыр. Ал Хельсинкидегі осы жолғы жеңістер – қазақы тазының жаһандық аренадағы беделін арттырған тарихи қадам болды.
Фото: ҚР ЭТРМ
