Фото: Gov.kz
2025 жылғы Ұлттық рейтинг нәтижесінде өнер және спорт саласы бойынша білім беретін жоғары оқу орындары арасында Қазақ ұлттық хореография академиясы үздік деп танылды. Рейтингті Білім беру сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттігі (IQAA) әзірлеген, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл – елдегі жоғары білім беру саласындағы беделді көрсеткіштердің бірі. Рейтинг жоғары оқу орындарының академиялық беделі, білім беру сапасы, ғылыми-зерттеу қызметі және түлектердің еңбек нарығындағы сұранысы сияқты негізгі критерийлер бойынша жасалады.
Соңғы жылдары Академия ұлттық және халықаралық деңгейде бірқатар шығармашылық және ғылыми жобаларды табысты жүзеге асырып, заманауи білім беру бағдарламаларын енгізу арқылы тұрақты түрде көшбасшы мәртебесіне ие.
Академия білім алушылары беделді халықаралық байқауларда жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарды еншілеп жүр. Оқу орнында тек Қазақстаннан ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келген балалар білім алып, кәсіби тұрғыда шыңдалуда. Шәкірттер үшін жан-жақты дамуға жағдай жасалып, хореография және өнер саласындағы әлемдік деңгейдегі мамандармен тұрақты түрде шеберлік сабақтары ұйымдастырылады, сондай-ақ шетелдің үздік университеттерінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы білімдерін жетілдіру мүмкіндігі бар.
