18 сәу, 2025 сағат 14:15

Қазақ ыдыстарының мән-мағынасы


Фото: turkystan.kz

Қазақ халқының ыдыс-аяқтарының мән-мағынасы тереңде жатыр. Оның ішінде қазан мен сабаның орны бөлек, мазмұны ерекше.

Қазан туралы

Фото: qalam.global

Қазақ әрқашан қазанын қастерлеген. Аталарымыз көшіп қонғанда қазан-ошағын тастамаған. Өйткені, қазақ үшін қазан- ырыс пен ынтымақтың белгісі. Ұлттық, әлеуметтік тарихи оқиғаларда да қазанның алатын орны айрықша. Қазанды сындыру ‒ отбасын ойрандаудың, қазанын төңкеру ‒ үйдегі аштықты білдірген.  Мысалы, «Жеті жарғыда» қатал жазаға бұйырылған адам жеті айып төлеп құтылған. Оның біріншісі ‒ қара қазан төлеу, қазан атадан балаға мұра болып қалатын ұлға енші, қызға жасау бергенде, оның бас мүлкі саналатын. Қазақ ұғымында Қыдыр қонған зор бағалы ыдыс ырысы болып саналған. Қазанды өзгеге бермейді, ырыс кетеді деген түсінік бар.  

Саба ‒ байлық пен барлықтың көрінісі


Фото: wikipedia.org
Саба тігу үшін ауырмаған, мініс көрмеген, семіз жылқының немесе серкенің  терісі  таңдалады. Теріні жидітіп, түгін сыпырып, көк етін алып, тазартып илейді. Дайын теріні талдың қабығымен бояйды. Содан кейін әркім өзіне қажетті сыйымдылық мөлшерінде төрт бояу етіп пішіп, түбін кең, аузын тарлау етіп, шұда жіппен тігеді. Осылайша саба дайын болғаннан кейін ішін жуып-шайып айран құйып бірнеше күн қояды. Мұны «шикі дәмін алу» дейді. Бұдан кейін керіп, созып, дымқылдап, ошақтың ысын қырып алып жағады.  Мұны «құрымдау» дейді. Оны қайтадан майлап, арша, тобылғы немесе қайын қабығының түтініне ұстайды. Мұны «ыстау» дейді. Ысталған тері әрі берік, әрі құрт-құмырсқа түспейді. 


Қазақ келісті бәйбішелер мен орнықты әйелдерді «биенің сабасындай» деп мадақтайды.  Бірнеше жүз литрлік сабаны «тай жүзген» деп дәріптейді. Бұрыңғы кезде асқа, салтанатқа сабамен қымыз, малдан сойыс апаратын болған. Мұндайды үлкен құрмет деп түсінген. Демек қымыз бен сабаның әлеуметтік маңызы да зор болған. Саба қазақ асымен салтанатын, мырзалығын айғақтайтын бағалы ыдыс саналған. Саба жасаушылар шеберге жоғары ақы төлеген. Оны қасиетті, киелі береке тұғыры есебінде әркез күтіп ұстаған.


  Бейсенғазы Ұлықбек, 
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі