12 қыр, 2025 сағат 15:45

Қазақфильм: ұлттық киноның шежіресі


Фото: Ашық дереккөз


12 қыркүйек – қазақ өнері үшін ерекше күн. Дәл осы күні 1941 жылы Қазақ КСР Халық комиссарлары Кеңесінің шешімімен Алматыда көркем фильмдер киностудиясы ашылып, кейін 1960 жылдан бастап «Қазақфильм» атын иеленді. Содан бері бұл қара шаңырақ ұлттық киноның алтын ұясына айналды. Осы айтулы күнге орай Ult.kz тілшісі аталған киностудия осы жылдар аралығында тарихта қалатын қандай көркем фильмдер түсіргенін сараптап көрді.

 

1941–1944 жылдары студия Кеңес Одағының барлық көркем фильмдерінің шамамен 80%-ын шығарды, олардың ішінде Сергей Эйзенштейннің атақты «Иван Грозный» фильмі де бар. Бұл — Сергей Эйзенштейннің режиссерлігіндегі әйгілі кеңестік тарихи драма: «Иван Грозный. 1-бөлім» (1944) және «Иван Грозный. 2-бөлім» (1946, ресми көрсетілімі 1958 жылы) түсірілген. Бұл фильм – әлемдік кинематографиядағы шоқтығы биік туындылардың бірі. Картинада Ресей патшасы Иван IV-тің мемлекетті орталықтандыруға ұмтылысы мен биліктің оны қатыгездікке итермелеуі бейнеленеді. Алғашқы бөлімде жас патшаның елді біріктіру жолындағы арманы мен сарай ішіндегі сатқындық суреттелсе, екінші бөлімде оның билігі күшейген сайын күдікшіл, қатал тұлғаға айналғаны көрсетіледі.


Киностудия соғыс жылдары кинематографиялық майданды рух беретін және жауынгерлердің жауынгерлік рухын қолдайтын материалдармен қамтамасыз етіп, маңызды рөл атқарды.

 

Қазақ киносы тарихындағы маңызды оқиға — театр актері Шәкен Аймановтың кинорежиссураға келуі болды. Ол 1952 жылы Ефим Дзиган түсірген «Жамбыл» фильмінде Жамбыл Жабаевтың бейнесін шебер сомдады. Фильм қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған. Картинада Жамбылдың бала кезінен бастап халық арасынан шыққан суырыпсалма ақынға айналуы, әділетсіздікке қарсы күресі, ел бірлігін жырлауы бейнеленеді. Жамбылдың шығармалары мен тұлғасы халықтың рухани тірегі ретінде көрсетіледі. 

 

1954 жылы толықтай ұлттық нақышта түсірілген алғашқы қазақ фильмі — «Даланың қызы» көрерменге жол тартты. Оны режиссер Герберт Раппапорт түсірген. Бұл фильм арқылы көрермендер қазақтың шынайы дәстүрлерін, тұрмысын және мәдениетін көрді, бұл ұлттық кино үшін маңызды оқиға болды. Фильмде соғыстан кейінгі қазақ ауылындағы өмір суреттеледі. Басты кейіпкер – еңбекқор жас қыз Сәуле. Ол дала төсінде халық шаруашылығын дамытуға үлес қосып, жаңа заманның белсенді өкілі ретінде бейнеленеді. «Даланың қызы» – кеңестік кезеңдегі әйел бейнесін жаңаша көрсеткен туынды. Картинада әйелдің қоғамдағы белсенді рөлі мен жаңа дәуірдің арман-мақсаттары көркемдік тұрғыда ашылған.

 

Осы жылы Ғабит Мүсіреповтің сценарийі бойынша Шәкен Аймановтың режиссерлік дебюті «Махаббат туралы дастан» фильмі экранға шықты. Бұл туынды қазақ ұлттық кинорежиссурасының дамуының басталуын және Алматы киностудиясында көркем фильмдердің тұрақты шығарылымының негізін қалады. Бұл – қазақ киносының алғашқы лирикалық туындыларының бірі. Фильмде ғашықтық сезімнің тазалығы мен адалдығы, оны өмірлік сынақтардан қорғап қалуға ұмтылған кейіпкерлер тағдыры бейнеленеді. Ұлттық дәстүр мен музыкаға негізделген картина махаббат пен адамгершілік құндылықтарын дәріптейді.

 

1959 жылы «Біздің сүйікті дәрігер» фильмі Бүкілодақтық кинофестивальде ынталандыру дипломына ие болды, бұл қазақстандық кинематографистердің жоғары деңгейін растады. Фильмнің басты кейіпкері – ауыл дәрігері Ермек. Ол – өз ісіне адал, мейірімді әрі қарапайым адам. Ермек тек ауруларды емдеп қана қоймай, ауыл тұрғындарының жанашыры, сенімді досы ретінде бейнеленеді. Оның мінезіндегі адамгершілік пен кәсіби шеберлік қарапайым халықтың сүйіспеншілігіне бөлейді.

 

Сол жылы Шәкен Айманов «Өмір жолы» фильмінің көркемдік жетекшісі болды. Оның режиссерлік және актерлік еңбектері қазақстандық киноөнердің қалыптасуында шешуші рөл атқарды. Режиссері – Ефим Дзиган.

Фильм Қазақ КСР-інің құрылуы мен алғашқы индустриялық қадамдарын бейнелейді. Оқиға ХХ ғасырдың 20–30-жылдарындағы тарихи кезеңге құрылған. Басты назар – халықтың жаңа өмірге қадам басуы, социалистік құрылыстың ауыл мен қаладағы өзгерістері. Картинада қарапайым адамдардың тағдыры арқылы үлкен тарихи бетбұрыс кезеңі көрсетіледі. Кейіпкерлер еңбекпен, біліммен және бірлікпен жаңа қоғам құруға атсалысады.

 

1960 жылы 9 қаңтарда киностудия ресми түрде «Қазақфильм» деп аталды. Бұл студия тарихындағы жаңа кезеңнің басталуы болды. 1960 жылдан бастап «Қазақфильм» 50-ден астам деректі фильм шығарды, олардың бір бөлігі бүкілодақтық экранға жол тартты және Мәскеуде қабылданды.

 

Осы жылдары қазақ мультипликациясы да қарқынды дами бастады.  «Неліктен қарлығаштың құйрығы айыр?» аннимациясы  1967 жылы шықты. Режиссері  – Әмен Қайдаров (қазақ анимациясының негізін қалаушы).
 Бұл мультфильм халық ертегісінің негізінде жасалған. Онда адамдарға қамқор, ізгі ниетті кішкентай құс – қарлығаштың ерлігі суреттеледі. Аңыз бойынша, от иесін ұрлап әкеткен айдаһарға қарсы шыққан қарлығаш отты адамдарға әкеліп береді. Бірақ айдаһар оның құйрығын отпен күйдіріп жібереді, содан бері құстың құйрығы айыр болып қалған екен. Қазақтың ұлттық анимациясының тұңғыш туындысы саналады. Қазақ ертегісінің сюжетін экранға әкеліп, халық ауыз әдебиетін мультфильм тіліне алғаш рет аударған. Кейіпкерлердің бейнесі, әуендері ұлттық нақышта жасалған.

 

1970 жылы режиссер Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмі жарыққа шықты — бұл қазақ киносы тарихындағы ең маңызды туындылардың бірі. Фильм қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын экран арқылы жеткізе отырып, елдің мәдени мұрасына айналды. Фильм қазақ халқының классикалық лиро-эпостық жырының желісімен түсірілген. Оқиға Төлеген мен Жібектің шынайы махаббатын баяндайды. Басты рөлдерді Құман Тастанбеков (Төлеген), Меруерт Өтекешова (Жібек), Нұрмұхан Жантөрин (Бекежан) сомдады.

 

1974 жылы ұлы режиссер мен актерге арналған «Шәкен Айманов» атты деректі фильм шығарылды. Фильм қазақ кино өнерінің негізін қалаушылардың бірі, әйгілі актер әрі режиссер Шәкен Аймановтың шығармашылық жолына арналған. Картинада оның театрдағы алғашқы қадамдары, кейіннен киноға келіп, қазақ өнерін жаңа деңгейге көтерген еңбегі баяндалады.

 

Бұл кезең картиналарын беруде кинода тарихи оқиғалар, шытырман-детективті фильмдер жастар қызығушылығын оятты. Соның қатарында детектив жанрында түсірілген екі сериялы тұңғыш қазақ фильмі  «Атаманның ақырын» атауға болады. 1970 жылы «Қазақфильм» студиясы шығарған фильм атақты режиссер Шәкен Аймановтың ең соңғы фильмі болып тарихта қалды. «Атаманның ақыры» – қазақ кино қоржына қосылған ең асыл туындылардың бірі. Сценарий авторлары – Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Шәкен Айманов.

Фильм оқиғасы Азамат соғысы жылдарында өрбиді. Қазақ даласында елді қинаған атаман Дутовтың өмірінің соңғы кезеңі суреттеледі. Кеңес үкіметіне қарсы күштердің бірі болып жүрген Дутов Қазақстан аумағында жасырын әрекет етеді. Басты рөлдерде Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Асанәлі Әшімов ойнаған.

 

Сонымен қатар, «Транссібір экспресі» тарихи-детективтік драмасын 1977 жылы режиссер Елдор Уразбаев түсірген. Фильмнің оқиғасы ХХ ғасырдың басында өтеді. Қытайдан Еуропаға қарай жүретін әйгілі Транссібір экспресінде саяхатшылардың тағдыры тоғысады. Әртүрлі ұлт өкілдері мінген пойызда саяси айла-шарғылар, тыңшылық, қылмыстық оқиғалар өрбиді. Басты кейіпкер – қазақ жігіті Ержан. Ол пойыздағы күдікті оқиғаларға куә болып қана қоймай, әділдік үшін күреседі. Осы арқылы фильм сол дәуірдегі халықаралық қатынастарды, қоғамдағы қайшылықтарды көрсетеді. Қазақ киносына детектив жанрын алғаш енгізген фильмдердің бірі. Тартысты оқиға, шытырман сюжет пен тарихи шындықты байланыстырады. Қазақ актерлерімен қатар шетелдік актерлер де ойнаған, бұл фильмге халықаралық сипат берген.

 

«Біздің батырларды біл» деректі-публицистикалық фильмін 1978 жылы режиссер Шәрипа Оразбаева түсірген. Фильм Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ батырларының өмірі мен ерліктерін баяндайды. Картинада Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сияқты майдан қаһармандары туралы деректер, естеліктер мен архивтік кадрлар ұсынылады. Фильмнің басты идеясы – жас ұрпаққа Отан қорғаушылардың ерлігін таныту, патриоттық рухты нығайту. Соғыс батырлары туралы тұңғыш деректі фильмдердің бірі. Архивтік хроника мен замандастарының естеліктері қатар қолданылған. Батырлар бейнесі көрермен жүрегінде мақтаныш сезімін оятады.

 

Қазақ халқының ұлттық мінезі, болмысы мен психологиясы жайынан түсірілген көркем фильмдерге «Тұлпардың ізі», «Гауһартас», «Өтелмеген парыз» туындыларын жатқызуға болады. Онда қазақ әйелінің ой-арманы, мінез-құлқы, сонымен бірге қазақ азаматтарының, әке мен баланың, адамдардың тағдыры шеберлікпен суреттелді.


«Тұлпардың ізі» тарихи драмасын Асанәлі Әшімов 1984 жылы түсірген. Фильм ХХ ғасырдың басындағы аласапыран заманды бейнелейді. Қазақ халқының бостандығы жолындағы күресі, сол кезеңнің ауыр тағдыры кейіпкерлер арқылы көрсетіледі. Тұлпардың ізі – азаттыққа ұмтылған халық арманын бейнелейтін символ.


Ал  «Гауһартас» лирикалық драмасын 1975 жылы Сұлтан Қожықов түсірген. Фильм жазушы Әбділдә Тәжібаевтың шығармасы негізінде түсірілген. Ауыл жастары Айдар мен Жанардың таза махаббаты суреттеледі. Олардың сезімі тұрмыс ауыртпалығы мен әлеуметтік кедергілерге қарамастан, адалдық пен шынайылықтың үлгісіне айналады.


Сонымен қатар,  «Өтелмеген парыз» әлеуметтік-психологиялық драмасын 1987 жылы Абдолла Қарсақбаев түсірген. Фильмде соғыс жылдарында қараусыз қалған жетім балалар тағдыры суреттеледі. Жетімдіктің азабын тартқан жасөспірімдер қоғамның әділетсіздігіне қарсы тұрып, өз өмір жолын табуға тырысады. Туынды ата-ананың, ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің маңызын көтереді.

 

Қазақ балалар әдебиетін экрандауда үлкен табыстарға жетті. Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі де кино тілінде сөйледі. Және фильмнің сәтті шыққаны сонша, әйгілі Канн кинофестивалінің алтын жүлдесін жеңіп алды.

 

«Менің атым Қожа» балаларға арналған көркем фильмін режиссер Абдолла Қарсақбаев 1963 жылы Бердібек Соқпақбаевтың аттас повесі негізінде түсірген. Фильмнің басты кейіпкері – тентек, қиялшыл Қожа. Ол үнемі қызық оқиғаларға тап болып, мұғалімдер мен достарына да, кейде өзіне де қиындық тудырады. Алайда оның жүрегі таза, арманы асқақ. Туынды балалардың адалдығы, арманшылдығы мен өмірге құштарлығын бейнелейді.

 

«Алты жасар Алпамыс мектепке барады» алалар фильмін 1976 жылы режиссер Қанымбек Қасымбеков түсірген. Фильм алты жасар Алпамыстың алғаш мектеп табалдырығын аттаған күнінен басталады. Оның достарымен, мұғалімдермен қарым-қатынасы, жаңа ортаға бейімделуі қызықты оқиғалар арқылы беріледі. Баланың ішкі әлемі мен балалық қуанышы әсерлі суреттелген.

 

«Арман атаман» балаларға арналған шытырман оқиғалы фильмін 1978 жылы режиссер Талғат Теменов түсірген. Фильм жасөспірім балалардың достығы мен шытырманға толы балалық шағын бейнелейді. Басты кейіпкер Арман бастаған топ өзін «атаман» деп жариялап, түрлі қызық пен сынақтарға тап болады. Балалардың адалдығы, достыққа беріктігі мен қиялы негізгі өзек болады.

 

Ал  «Сүйрік» психологиялық драмасын 1987 жылы режиссер Дамир Манабаев түсірген. Фильм жас қыз Сүйріктің тағдыры жайлы. Оның өміріндегі қуанышы мен күйзелісі, үлкендермен қарым-қатынасы, өзін-өзі тануға ұмтылысы шынайы суреттеледі. Жасөспірімнің ішкі жан дүниесі, армандары мен күйзелістері нәзік психологиялық қырынан ашылған.

 

1990 жылдардың тоқырау кезеңі қазақ киносына да әсер тигізді. Бұл кезеңдегі қиындықтар мен ауыр жылдар оқиғалары барынша шынайы, әділетті көрінуі үшін режиссерлері ауыл мен қала өмірін суреттеуде нанымды жасауға тырысты. Режиссер Серік Апрымовтың «Қиян» тектес картиналары соның айғағы. Фильм 1998 жылы түсірілген. Фильмнің оқиғасы Қазақстанның шалғай ауылдарының бірінде өрбиді. Басты кейіпкерлер – ауыл тұрғындары. Олар күнделікті тұрмыс-тіршіліктің қиындығына қарамастан, өз тағдырын, үмітін, арманын арқалап өмір сүреді. Бұл – тек географиялық қашықтық қана емес, адамдардың жалғыздығы мен өмірдің мәнін іздеуі жайлы философиялық туынды. Кейіпкерлердің ішкі әлемі, олардың арман-мұраты мен қоғамнан оқшау тіршілігі арқылы қазақ ауылындағы әлеуметтік шындық бейнеленген.

  

Ал 2000 жылдан кейін қазақ киносы тарихи бағытқа бет бұра бастады. Мәселен, 2005 жылы түсірілген  «Көшпенділер» тарихи-эпикалық жанрында.  Фильм XV ғасырдағы қазақ халқының қалыптасу кезеңін суреттейді. Жас сұлтан Ораз-Мұхаммед пен оның тағдыры арқылы елдің бірлігі, сыртқы жауға қарсы күресі көрсетіледі. Туындыда көшпенділердің өмір салты мен ерлік рухы бейнеленген.


Ал «Жаужүрек мың бала» тарихи драмасын Ақан Сатаев 2012 жылы түсірген. Фильм XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қазақ халқының ерлігін суреттейді. Басты кейіпкер Сартай жасөспірімдерден құралған мың баланы бастап, елін қорғауға аттанады. Картинада батырлық, бірлік пен отаншылдық идеясы көрініс табады.

«Қазақ хандығы. Алмас қылыш» тарихи эпопеясын 2016 жылы Рүстем Әбдірашев түсірді. Фильм XV ғасырдағы Керей мен Жәнібек сұлтандардың қазақ хандығын құру жолындағы күресін баяндайды. Олардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, жеке ел болуға ұмтылысы, халықты жинап, дербес хандық іргесін қалау оқиғасы эпикалық тұрғыда көрсетілген.

 

Сонымен қатар, 2019 жылы Ақан Сатаев «Томирис» тарихи эпикалық фильмін түсірдіФильм б.з.д. VI ғасырдағы сақ патшайымы Томирис туралы. Жастайынан қиындық көрген Томирис елінің тәуелсіздігі үшін күресіп, парсы патшасы Кирдің әскерін талқандаған. Картинада әйел патшаның қайсарлығы, елін қорғаған батырлығы мен ерік-жігері бейнеленген.


Ақбота Мұсабекқызы