29 қаз, 2021 сағат 17:58

«Қазақфильм» жанынан аниматорлардың шығармашылық бірлестігі құрылады


«Қазақфильм» киностудиясы жанынан «Қазақ анимация» шығармашылық бірлестігі құрылады. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов Түркістанда өтіп жатқан ÁMEN кинофестивалінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Анимация өнері арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеу – ұлттық «Рухани жаңғыру» жобасының маңызды міндеттерінің бірі. Өздеріңізге мәлім, алғашқы қазақ мульттуындысының жарық көргеніне биыл 54 жыл толды. Осы уақыт ішінде ұлттық анимацияның жеткен жетістігі де, көтерілген биігі де аз емес. Ең бастысы, талай таланттар өсіп, ұлттық мектеп қалыптасты. Десе де, заман көші ілгері кетуде. Оған ілесу үшін біздің елімізде барлық мүмкіндік бар. Білімі мен білігі мол шығармашыл жастар, мамандық нәсібін пайдалы кәсіпке айналдырған жекеменшік студиялар, жаңа идеялар мен тың бастамалар және, ең бастысы, осы еңбекті тұтынуға дайын ұлан-ғайыр ел, жасампаз аудитория бар», - деп атап өтті вице-министр. 

Өз сөзінде Болат Тілепов мемлекеттік тапсырысты тиянақты реттейтін, мақсатты жұмсайтын жүйе жоқ екенін алға тартты. Сол себепті анимациямен айналысатын шығармашылық топтарды қолдаудың жаңа жүйесі құрылмақ. 

«Сондықтан да келесі жылдан бастап, жаңадан қабылданған ұлттық жоба аясында «Қазақфильм» киностудиясы жанынан «Қазақ анимация» шығармашылық бірлестігі өз жұмысын бастайды. Оның негізгі міндеті – ұлттық анимация нарығында жүрген шығармашыл топтарға бір орталықтан қолдау болып, отандық өнімнің өрісін кеңейтуге жағдай жасау. Екіншіден, анимация өнерін тек балалар контенті ретінде емес, кино мен жарнаманың, компьютерлік ойындар мен веб-коммуникация тіліне айналдыру арқылы толыққанды ұлттық ақпараттық ресурс қалыптастыру. Үшіншіден, әрине әлемдік мультиндустрия өкілдерімен, оның ішінде бүгінгі фестивальге қатысыатын шетелдік әріптестермен тығыз байланыс орнатып, қазақ анимациясын халықаралық дәрежеге көтеру», – деді Б. Тілепов. 

Айта кетейік, 29-30 қазан күндері Түркістанда Қазақстан, Әзербайжан, Башқұртстан (РФ), Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан (РФ), Тәжікстан мен Түркияның білікті мультипликаторларын бір алаңға жиған ÁMEN анимациялық кинофестивалі өтеді. Фестиваль аясында қала көрермендері түркі елдерінің үздік мультфильмдерін тегін тамашалап, анимациялық жоба жасаудың қыр-сырына қанығады.