23 қаң, 2026 сағат 19:13

«Қазақконцерт» әртістері Венада өткен «Түркі апталығында» өнер көрсетті

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік акаденмиялық концерттік ұйымының әртістері Аустрияда өткен «Түркі апталығында» өнер көрсетті. 

Іс-шара барысында танымал биші әрі хореограф Әнел Марабаева «Аққу» биін билесе, опера әншісі Айгерім Алтынбек «Алқоңыр» әнін орындады. Сондай-ақ, қазақстандық «Temirlan & Yernat»  тобының орындауында «Аlem» күйі көрермен назарына ұсынылды.

Аталмыш іс-шара Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) қызметін таныстыру аясында «Түркі апталығы» болып өтті. Іс-шара барысында көрермендер түркі халықтарының бай мәдени мұрасы, ұлттық музыкасы мен би өнерінен сыр шертетін әсерлі қойылымдарды тамашалады. Концерттік бағдарлама қатысушыларға үлкен әсер қалдырып, түркі елдері арасындағы мәдени байланыстың нығая түскенін көрсетті. 

«Түркі апталығы» аясында өткен іс-шара ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің шығармашылық ұжымдары қатысқан концерттік бағдарламамен жалғасты. Іс-шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан елдерінің өнерпаздары қатысты. 


Әнел Марабаева – «Birlik» ансамблінің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның үздік хореографтарының бірі және әлем халықтарының биі бойынша солисі. Ол Ресей, Қытай, Корея, Жапония, Германия, Мысыр, Испания, Австрия және басқа да елдерде өткен мемлекеттік концерттерде қазақ би өнері мен әлем халықтарының билерін таныстырды. Әнел Марабаеваның репертуарында мәдени мұраның байлығын көрсететін 30-ға жуық халық биі бар. Оның шығармашылығындағы ерекше орын – Наурыз мерекесінің БҰҰ ресми күнтізбесіне енгізілуіне орай Вашингтон мен Нью-Йорк қалаларында, БҰҰ Бас Ассамблеясында өнер көрсетуі.


Әйгерім Алтынбек – опералық әнші, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Халықаралық деңгейде танылып жүрген опера әншісі Әйгерім Алтынбек әлемге әйгілі Италиядағы «Ла Скала» театры академиясында тағылымдамадан өтіп жатыр. Ол Италия (Пуччини, Гяурова, Тебальди атындағы), Финляндия, Литва, Ресей және т.б. өткен байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Бұдан бөлек опера әншісі 2025 жылы әлемге танымал тенор Хосе Каррерастың және Италияның Неаполь қаласында өткен Андреа Бочеллимен бір сахнада өнер көрсетті.