18 шіл, 2025 сағат 09:32

Қазақстан архив қызметтері 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығы бойынша жұмысын қорытындылады

Фото: factroom.ru

Қазақстан архив мекемелерінің 2025 жылдың алғашқы алты айындағы қызметі нәтижелі болды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Биыл архив қорына 74 мың іс қосылып, Ұлттық архив қорының жалпы көлемі 27,9 миллион сақтау бірлігіне жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 300 мың сақтау бірлігіне артық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында архив саласын цифрландырудың, Ұлттық цифрлық архив құрудың және құжаттарға отандық әрі шетелдік нейрожелі әзірлеушілеріне қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңызын атап өткен болатын.

Қазіргі таңда 2,6 миллионнан астам сақтау бірлігі цифрлық форматқа көшірілді, оның 123 мыңнан астамы – осы жылы жеделдетілген тәртіппен сандық жүйеге ауыстырылған.

Сонымен қатар, архивтегі тарихи құжаттарды сапалы сақтау үшін мамандандырылған консервация және реставрация жұмыстары жалғасуда. Жарты жыл ішінде 10 мың сақтау бірлігіне тиесілі 150 мың бет қалпына келтірілді.

Архивтерге деген сұраныс та артып келеді. Былтыр жеке және заңды тұлғалар тарапынан 2,2 миллионнан астам сақтау бірлігі сұратылса, биылдың өзінде 600 мыңнан астам сұраныс тіркелген.

Министрлік архив ісінің стратегиялық маңызын атап өтіп, болашақ ұрпаққа тарихи мұраларды жеткізу үшін бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса беретінін хабарлады.