Фото: gov.kz
Қазақстанда биыл 83 соғыс ардагеріне мемлекеттік арнайы төлем жасалады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Ресми дерекке сүйенсек, төлем алушылардың 69-ы соғыс ардагері болса, 14-і соғыс мүгедегі.
Мәліметтерге сәйкес, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Қазақстаннан шамамен 1,2 миллион адам майданға аттанған. Қазіргі таңда олардың қатары сиреп, елде санаулы ғана ардагер қалған.
Мемлекеттік корпорация арнайы төлем алушылар ең көп тіркелген өңірлерді де атады. Көш басында – Алматы қаласы тұр. Онда 26 ардагер тіркелген. Одан кейін Алматы облысында 8 адам, Қостанай облысында 6 адам және Шығыс Қазақстан облысында 4 ардагер бар болса, Қарағанды облысында 4 соғыс ардагері бар екен.
Ведомство бұл төлемдер – соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың маңызды түрлерінің бірі екенін хабарлайды.
