09 жел, 2020 сағат 12:40

Қазақстанда карантин талабын сақтамаған нысан иелеріне 1 млрд теңге айыппұл салынған

Қазақстанда карантин талаптарын сақтамаған нысан иелеріне 1 млрд теңгенің айыппұлы салынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетсек, бұған дейін Ерлан Қиясов өңір әкімдіктерінің жанында 1556 мониторинг тобы жұмыс жүргізіп жатқанын мәлім еткен еді. Карантин шараларын әлсіреткелі бері (17 тамыздан 8 желтоқсанға дейін) 53 489 рейд жасалып, 215 977 нысан тексерілген. 18 903 нысанның иелері тәртіп бұзған. 

«Тәртіп бұзу фактілерінің көбі - Түркістан облысында (3 279), Алматы облысында (3 121), Қостанай облысында (1 758), ШҚО (1598), Алматы (1584) және Нұр-Сұлтан қаласында (1 341) тіркелді. Осы тәртіп бұзу фактілеріне байланысты 1 миллиард теңгенің 15 268 айыппұлы салынды. Одан бөлек, маска және әлеуметтік аралық режимін сақтамағаны, эпидемияға қарсы шараларды, жұмыс режимін сақтамай және бұқаралық шараларды өткізуге байланысты 1,3 млрд теңге айыппұл салынды», - деді Ерлан Қиясов.