10 жел, 2020 сағат 19:01

Қазақстанда Онкология және радиология институты қалай дамып келеді?

«Қазақстан онкологиясы. Кеше. Бүгін. Ертең» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрайымы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарова институттың дамуы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, 1959 жылға дейін Қазақстанда қатерлі ісікті емдейтін медициналық мекеме болмаған. Тек алғаш рет 1960 жылы 5 шілдеде құрылған. Оны Сәкен Нұғманов басқарды.

«1960 жылы мұнда бір ғана ғимарат болды. Қазір оның саны 8-ге жетті. Бүгінгі күні бұл ғимараттар жаңашылдық пен жаңаруды қажет етеді. Алайда біздің кадрлық құрам мықты. Алдыңғы қатардағылардың бірі десек те болады. Мұнда оқыған және тағылымдамадан өткен жастар еліміздің барлық аймақтарында жұмыс істеп жатыр. Олар өңірлердегі онкологиялық қызмет деңгейін көтереді. Біздің мамандар қазір Америка, Испания, Италияда білім алуда», - дейді Диляра Қайдарова.

Сонымен қатар, ол 2018 жылы емдеу хаттамалары өзгертілгенін атап өтті. Олар еуропалық және америкалық онкологтар қауымдастығымен толықтай бейімделген. Қазір пациенттер халықаралық стандарттарға сәйкес емделуде. 

«Біз 15 жаңа дәріні иммунотерапияға енгіздік. Әр препараттың бағасы 500 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін. Бұл, әрине, мемлекет үшін үлкен салмақ. Бірақ мемлекет емдеудің бұл түрін толықтай қамтиды, біздің пациенттердің өмірі ұзарады және көп науқас ауруынан айығады», - деп қосты Қайдарова. 

Оның айтуынша, онкология - күрделі сала. Әрбір онкологтың деңгейі жыл сайын жоғарылайды. Онколог болу үшін шамамен 10 жыл қажет. Сондай-ақ, қазір ағылшын тілін білуге міндетті.

«Біз 2018 жылы жаңа дәрі-дәрмектер мен жабдықтарға мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы алу үшін қатерлі ісікпен күресудің кешенді жоспарын қорғадық. Маңғыстау облысында, Павлодарда жаңа онкологиялық диспансер ашылды, Өскеменде ашу жоспарда. Еліміздің барлық облыс орталықтарында біртіндеп ашып жатырмыз. Сонымен қатар кадрлар дайындаймыз», – деп қортындылады спикер.