
Қазақстанда жаңа арнайы салық режимі қолданылатын қызмет түрлерінің тізбесі анықталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бизнесті қолдау үшін өткен жылы 700 мыңнан аса заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге ауқымды салықтық ынталандыру шаралары көрсетілді. Қазіргі кезде микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге 3 жылдық мораторий жалғасып жатыр және арнайы салық режимдерін қолданатын шағын және орта бизнес субъектілері табыс салығынан босатылды», - деді ол.
Үкімет басшысының айтуынша, бұл шаралар кәсіпкерлердің 3 жылда шамамен 400 млрд теңгені өз бизнесін кеңейту мен дамытуға жұмсауына мүмкіндік береді.
«Бұған қоса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша осы жылғы 1 қаңтардан бастап ерікті түрде қолданылатын, жаңа арнайы салық режимі – бөлшек салық енгізілді. Салық мөлшерлемесі табыстың 3 пайызы мөлшерінде белгіленді. Үкімет бұл режим қолданылатын қызмет түрлерінің тізбесін анықтады. Тізбеге пандемия кезінде карантиндік шектеу шаралары қолданылған қызметтер енгізілді», - деді Асқар Мамин.
Премьер-Министр аталған режим шағын және орта бизнес субъектілерінің салық жүктемесін азайту және салықтар мен төлемдерді бюджетке төлеу тәртібін оңтайландыру мақсатында дағдарысқа қарсы шара ретінде 2 жылға есептелгенін айтты.
«Сонымен қатар, жеке тұлғалардың салық міндеттемелерін орындауын жеңілдету үшін биылдан бастап мүлік және жер салықтары бір төлемге біріктірілді, көппәтерлі үйлердің иелеріне жер салығы салынбайды. Мүдделі мемлекеттік органдармен бірге оларды іске асыру бойынша үйлесімді жұмысты жалғастыру керек», - деді Үкімет басшысы.
