Фото: Бейнеу әкімдігі
Маңғыстау облысында дала өркениетінің көне ізі саналатын Қарақабақ қалашығында археологиялық зерттеу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Ult.kz.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты директоры Ақан Оңғарұлы және археолог Андрей Астафьевпен бірге Түпқараған ауданындағы Қарақабақ қалашығына барып, археологиялық қазба жұмыстарымен танысты.
Алдымен делегация Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында сақталған Қарақабақтан табылған тарихи жәдігерлерді көрді. Кейін археологиялық нысанда жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері талқыланды.
Мамандардың мәліметінше, Қарақабақ қалашығы біздің заманымыздың I–VI ғасырларына жататын көне сауда және қолөнер орталығы болған. Ғалымдар бұл өңір арқылы 2000 жыл бұрын халықаралық сауда байланыстары жүргенін айтады.
Археологтардың пайымдауынша, Қарақабақ Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағындағы маңызды теңіз-құрлық сауда торабы ретінде Каспий маңы елдерінің саяси және экономикалық қатынастарында ерекше рөл атқарған.
Қалашықтан Византия, Үндістан, Рим, Парсы және Қытаймен байланысты дәлелдейтін тиындар, мөрлер, қыш ыдыстар мен басқа да тарихи жәдігерлер табылған. Сонымен қатар көне порттың іздері, қолөнер өндірісі мен теңіз саудасына қатысты маңызды деректер анықталған.
Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай Қарақабақтың тарихи маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жаңалықтар Маңғыстаудың көне өркениеттер мен халықаралық сауда жүйесіндегі орнын айқындай түседі.
– Қазіргі тілмен айтқанда, бұл өз дәуірінің ірі логистикалық хабы болған. Бұл деректер ата-бабаларымыз тек көшіп-қонып, мал шаруашылығымен айналысты деген түсінікті жоққа шығарады. Керісінше, мұнда үлкен сауда айналымы жүргенін дәлелдейді, – деді әкім.
