Фото: Ult.kz
8 мамырда Астанадағы генерал де Голль ескерткішінің алдында Франция елшісі Сильван Гиоге мырза бес қазақстандық марқұм партизанға марапаттар табыстады, деп хабарлайды Ult.kz.
Медаль және сертификаттармен марапатталғандар Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Францияның оңтүстік-батысын азат ету жолында Қарсыласу қозғалысы қатарында шайқасқан: Бектемір БАЙЖАНОВ, Нұранбай БАЙМҰРАТОВ, Ахмет БЕКТАЕВ, Өтеулі БИСЕНҒАЛИЕВ және Ахмет СУБАЛОВ болды.
Францияның Қорғаныс министрі атынан Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі табысталған марапатты алуға қаһармандардың ұрпақтары келді.
Фото: Ult.kz
Фото: Ult.kz
Фото: Ult.kz
Фото: Ult.kz
Фото: Ult.kz
«Сексен жылдан артық уақыт бұрын Франция териториясын азат етуге қатысқан қазақстандық партизандарды еске алып, оларға тағзым ету біз үшін өте маңызды. Себебі біздің жерімізді азат етуге көмектескен қазақ партизандарына алғысымыз шексіз және біз оларды ешқашан ұмытпаймыз. Бұл Франция тарихындағы Қазақстанның рөлін айшықтайды», – деді Франция елшісі Сильван Гиоге.
Фото: Ult.kz
Елші Франция тарихында Қазақстанның да зор үлесі бар екенін айта келе, оны анықтауға көмектескен зерттеуші-ғалым Гүлнәр Меңдіқұлованы ерекше атап өтті.
Іс-шарада елші Сильван Гиоге Франция жерін азат етуге ат салысқан партизандарды анықтаған профессор Гүлнәр Меңдіқұловаға Академиялық пальма орденінің кавалері белгісін табыстады.
Фото: Ult.kz
«Мені мұндай жоғары дәрежелі орденмен марапаттайтынын естігенде қуаныштан көзіме жас келді. Мұндай орденмен марапатталғандар Қазақстанда сирек. Бұл тек менің жеке марапатым емес, бұл – Қазақстан мен Франция арасындағы достықтың көрінісі. Мен бұл марапатты Қазақстан халқына арналған деп есептеймін. Себебі біздің халық расымен де Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, біз расымен де Францияны азат етуге, жалпы Оңтүстік және Батыс Еуропаны фашизмнен азат етуге қатысқанбыз», – деді Гүлнәр Меңдіқұлова.
Профессор өз сөзінде зерттеуді жүргізгеніне бірнеше онжылдық болғанын, жиырмадан артық шетел архивтерінде жұмыс атқарғанын айтты.
«Мұрағаттардан құжаттарды тауып, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақтар туралы құжаттар жинағының екі томын жарияладық», – деген Гүлнәр Меңдіқұлованың айтуынша өзіндегі бар дерек бойынша Францияны азат етуге 350 адам қатысқан және деректер әлі де толығуда.
Францияны азат ету жолында Қарсыласу қозғалысы қатарында шайқасқан Бектемір Байжановтың туысы Зинаш Байжанова атасының ерлігі жөнінде сөз қозғады.
Фото: Ult.kz
«Фашистерге қарсы партизандар сабында дәрігер Бектаев, Жұманов деген кісілермен бірге қарапайым француз халқына медициналық көмек көрсетіп емдей жүріп, ақпараттар алып, жеңісті жақындатуға үлесін қосқан кісілердің бірі – біздің атамыз Бектемір Байжанов. Сексен жыл өткеннен кейін, Байжановтар әулетіндегі үлкен естелікті күн болып тұр бүгін. Француз халқы қаншама жыл өтсе де әкелеріміздің ерлігін бағалап, керемет марапат беріп отырғаны бізге өте әсерлі болып отыр. Біздің Байжановтар әулетінен осы жерге үш ұрпақ келіп отырмыз. Біз бұны ешқашан ұмытпаймыз. Француз халқы да ұмытпағанына қуаныштымыз», – деді Зинаш Байжанов.
Айта кетейік, өткен жылы Қадем Жұманиязов, Қабыш Омаров және Әшімбек Истыбаев есімді қаһармандар марапатталған болатын. Биылғы шара екінші рет өтіп отыр. Елшіліктің мәліметінше алдағы жылы да қазақ батырларын марапаттау жалғасын таппақ.
Фото: Ult.kz
Салтанатты рәсімге Сыртқы істер және Қорғаныс министрліктерінің жоғары лауазымды өкілдері мен ардагерлер ұйымдарының өкілдері қатысты.
Шарада партизандар ұрпақтары Франция елшісі Сильван Гиогеге шапан жауып, сый-сияпаттарын табыстап жатты.
Фото: Ult.kz
Балжан Жеңісқызы
