18 ақп, 2024 сағат 20:26

Қазақстандағы ғылым бюджеті үш есеге өсті

 

Фото: Ашық дереккөз


ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, 2023–2025 жылдарға арналған ғылым бюджеті алдыңғы үш жылмен салыстырғанда 3,3 есеге өскен. Осы орайда Ult.kz порталы ғылымның бюджетін анықтап көрді. Белгілі болғанындай, 2024-2026 жылдар аралығында Қазақстандағы ғылыми жобалар мен әзірлемелерге 730 миллиард теңге жұмсалмақ.

 

Биылғы шығын көлемі 145,3 млрд теңгені құрайды. Оның жартысына жуығы немесе 65 млрд теңгесі бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға, 56,2 млрд теңгесі (38,7%) – ғылыми гранттарға, ең аз үлесі, 24,1 млрд теңгесі (16,6%) – гранттық коммерцияландыруды қаржыландыруға бағытталады.

 

Алдағы үш жылдың жоспарында әзірге тек үкімет ақшасы бар. Елімізде коммерцияландыру жобаларын жекемен бірлесіп қаржыландыру үлесі әлі де аз. 2022 жылы бұл көрсеткіш 25 пайызды құраса, өткен жылы жоспар бойынша 30 пайызға жетуі тиіс еді. 2023 жылға арналған нәтижелер жарияланбағандықтан, әзірге оның нақты қанша пайызды құрағаны белгісіз.

 

Биыл Қазақстанда жеке құрылымдардан қаржыландыру өсімі артуы мүмкін. ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы дайындық кезеңі аяқталып, жер қойнауын пайдаланушылар үшін өндірістік шығындарының 1 пайызын ҒЗТКЖ-ға аудару талабы күшіне енеді. Бұл жыл сайын ғылымды қаржыландыруды 25%-ға арттыруға және ғылыми жобаларды коммерцияландыру үлесін 40%-ға (зерттеу жұмыстарының жалпы көлемінен) дейін арттыруға мүмкіндік беруі тиіс. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің жоспарларына сәйкес, алдағы үш жылда коммерцияландыру жобаларын жекемен бірлесіп қаржыландыру үлесі 58%-ға жетуі тиіс.

 

Осы болжамдар мен жоспарлардың барлығы орындалса, 2027 жылға қарай Қазақстан экономиканың білім сыйымдылығы бойынша ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын шығындарды жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 1%-ына дейін арттыра алады. 2022 жылы бұл көрсеткіш 0,13%, ал 2023 жылдың ортасында 0,25% болды. Мұндай динамиканың өзінде ғылымға жұмсалатын қаржының көрсеткіші өте аз болып қала береді. Ourworldindata ғаламдық деректер қорының сайтында жарияланған 2021 жылға арналған халықаралық рейтингке сүйенсек, Қазақстан табысы орташадан төмен елдердің деңгейіне де жетпейді.

 

Қазақ ғылымының ең үлкен проблемалары – оның теориялық сипаты мен өндіріс пен бизнестен бөлінуі. Бұл туралы ел президенті айтып, ғылыми зерттеулердің статистикасын растап отыр. Қазақстан Республикасындағы іргелі және қолданбалы ғылыми жобалар ҒЗТКЖ-ға бөлінген барлық ақшаның 82%-ын, ал жаңа материалдарды, бұйымдарды, процестерді жасауға бағытталған конструкторлық жобалардың үлесіне небәрі 18% келеді.

 

«Ғылыми жетістіктерді іс жүзінде пайдалану мүмкіндігі болмаған жағдайда, ғылыми зерттеулердің мұндай жағдайында кәсіпкерлерді ғылымға инвестиция салудың қажеттілігі мен пайдалылығына сендіру өте қиын. Осыған байланысты, ҒЗТКЖ шығындарының артуына қарамастан, соңғы жылдары ЖІӨ-нің ғылым сыйымдылығы өзгерген жоқ», - делінген ҚР Білім және ғылым министрлігі өткен жылдың соңында жариялаған Ұлттық ғылым туралы баяндамасында.

 

Жалпы гранттық конкурсқа түскен 1,7 мың өтінімнің тек 19,6 пайызы, яғни 341 жоба мақұлданған. Оның 290-ы жүзеге асырылуда, тек 149 жоба сатылымға шыққан. 16 кәсіпорын шетелге экспорттауға қол жеткізсе, жалпы, осы кезеңдерде сатылымнан 32,4 млрд теңге кіріс түскен. Бұл «Ғылым қоры» АҚ үкіметі жариялаған бірнеше жылдардағы (2016-2018, 2022-2023 жылдар) мемлекеттік гранттар аясындағы ғылыми жобаларды коммерцияландырудың нәтижелері.

 

«Ғылым қоры» АҚ-ның ғылыми әзірлемелерінің көрмесінің көмегімен бизнестің мәселелерді шешуге деген сұранысы мен ғалымдардың нарыққа ұсыныстарын салыстыруға болады. Мысалы, қаржыландыруды көздейтін дайын жобалардың ішінде қазіргі таңда мұнай және көмір өндіруші компанияларға, құрылыс материалдарын өндірушілерге, геологиялық барлауларға, коммуникациялық технологияларға арналған бірнеше ғылыми жұмыстар бар. Бизнестің ғылыми жобаларға арналған технологиялық сұраныстары сәл басқаша бағытқа ие. Құрылыс компаниясы ғалымдардан мектеп салудың уақыты мен құнын азайтатын инновациялық технологияларды әзірлеуге сұраныс жасаса, фермерлер қауымдастығы сусыз аймақтардағы мал азығы мәселесін ғалымдардың көмегімен шешуді көздейді.