09 жел, 2020 сағат 12:53

Қазақстандық вакцинаны өзіме салдырып, сынауға дайынмын – бас санитар дәрігер

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны өзіне сынауға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Азаттық радиосының тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерінен «қазақстандық вакцинаны халықтан бұрын өздеріңізге салып, сынауға дайынсыздар ма?» деген сұрақ қойған болатын. 

Бұл сұраққа жауап берген ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Нұрлыбек Асылбеков сынақ жұмыстары ең алдымен еріктілерге жүргізілетінін еске салды.

«Вакцинаны әзірлеушілер мен сынақтан өтушілер бастапқы кезеңнен бері бірге келе жатыр. Егер ауқымды сынақ болса, дайынбыз», - деді Нұрлыбек Асылбеков.

Бұл сұрақ баспасөз мәслихаты барысында Ерлан Қиясовқа да қойылған болатын.

«Мен бұл сұраққа «дайынмын» деп жауап беремін. Халықтан бұрын өзіме сынауға дайынмын», - деді вице-министр.