27 ақп, 2024 сағат 10:54

Қазақстандықтар жаңа мектеп оқулықтарының сапасын бағалай алады


Фото:primeminister.kz

Оқу-ағарту министрлігі азаматтардың жаңа мектеп оқулықтарын талқылауға қатысып, олардың сапасын бағалай алатынын мәлімдеді. Бұл туралы "Ұлт Ақпарат" Stan.kz ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды. 

Оқу-ағарту министрлігінің Білім беру мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының хабарлауынша, 12 ақпаннан бастап жаңадан әзірленген оқулықтарды қоғамдық талқылау жүріп жатыр. 
Talkylau.ebmso.edu.kz сайтында оқулықтардың мазмұнының сапасы, құрылымы, әдістемелік тәсілдері, баяндалу тілі мен безендірілуі туралы қоғам мен ғылыми-педагогикалық қауымдастық өкілдері сындарлы пікірлерімен бөлісе алады. Онда жаңадан әзірленген оқулықтар бар:
3-сыныпқа арналған "Еңбекке оқыту", "Бейнелеу өнері", "Орыс тілі" (орыс тілінде оқытатын мектептер үшін), шет тілдері (ағылшын, француз);
3, 9-11 сыныптар үшін "неміс тілі";
5-9 сыныптарға арналған "Жаһандық құзыреттер" оқулықтары қағаз нұсқада;
3-сыныпқа арналған "Цифрлық сауаттылық" пәнінен электронды оқулықтар.

"Қоғамдық талқылауға ғылыми-педагогикалық қоғамдастық өкілдері, әдіскерлер, ғалымдар, сондай-ақ оқулықтардың сапасына бей-жай қарамайтын қазақстандықтар қатысуға мүмкіндік алды. Ол үшін келесі қадамдарды орындау қажет: веб-порталда оқулықтардың жеке емес түпнұсқа макеттерімен танысыңыз және "пікір қосу" қойындысына оқулықтардың мазмұны мен құрылымына қатысты сын-пікірлерді, ұсыныстар мен бақылауларды жазып, жіберіңіз", - делінген хабарламада.