10 қаң, 2021 сағат 12:02

Қазіргі уақытта халық сайлауда дауыс берудің маңызын түсінеді– Бақтияр Артаев

Белгілі спортшы, Олимпиада ойындарының жеңімпазы, «Тарлан батырлары» ЖШС директоры Бақтияр Артаев ҚР Парламенті мен мәслихат депутаттары сайлауында дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спортшы ҚР Ұлттық музейінде орналасқан №309 сайлау учаскесінде дауыс берді. Аталған учаскеде 2108 тұрғын сайлаушы ретінде тіркелген және түскі 12-00-ге дейін 500-ден астам дауыс жиналған. 

«Бүгін мен отандастарыма өте ризамын. Таң атысымен көптеген тұрғындар белсенді дауыс беріп жатыр. Қазіргі уақытта халық дауыс берудің маңызды екенін, ел болашағы үшін пайдасы зор екенін жақсы түсінеді. Мен де сайлаудан тыс қалмай, өз үлесімді қосып, партиялардың бағдарламаларымен таныса келе өз таңдауымды жасадым», - деді Бақтияр Артаев тілшілерге берген сұхбатында. 

Сонымен бірге, спортшы «Жаңа депутаттардың жұмысынан не күтесіз? Спорт саласындағы қандай мәселелер шешілуі керек?» деген сұраққа жауап берді. 

«Жаңа депутаттар үгіт-насихат кезінде берген уәделерінде тұрса екен деймін. Олар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмектесеміз деді, жарық пен газ тартамыз деді, сондай әлеуметтік тақырыптар көтерілді. Сондықтан, оларға тек қана сәттілік тілеймін және бәрі сөз күйінде қалмай, іске асса деген тілегім бар. Және Президент былтыр өңірлерде бұқаралық спортты дамытуды, кәсіби спорт клубтарының демеушілер есебінен жұмыс істеуін тапсырған еді. Осы мәселелер биыл шешіледі деген ойдамын. Сосын спорт кешендері қолжетімді бола түссе, мәселен елорданың өзінде балаларға тегін спорт нысандары жоқ. Осы мәселелерді қолға алып, балаларға керекті жағдай жасалса, керекті спорт нысандары салынса, нұр үстіне нұр болар еді», - дейді Бақтияр Артаев. 

Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан аумағында құрылған барлық сайлау учаскесінде дауыс беру жүріп жатыр. 

Депутаттарды сайлау бойынша дауыс беру Қазақстан Республикасы аумағында және одан тысқары жерде құрылған 10 060 сайлау учаскесінде жүргізіліп отыр. Сайлау комиссиялары дауыс беру орны мен уақыты туралы дер уақытында ақпарат берді. Елорда уақытымен сағат 08.00-де жағдай бойынша еліміздегі 9 994 сайлау учаскесінде және шет мемлекеттердегі қазақстан өкілдіктері жанындағы 17 сайлау учаскесінде дауыс беру басталды. 

Конституциялық мерзімге сай өтіп жатқан Мәжіліс сайлауына елімізде тіркелген 5 саяси партия, атап айтқанда, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Nur Otan» партиясы, «ADAL» саяси партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Қазақстанның Халық партиясы» депутаттық мандаттан үмітті. 

Бұл партиялар барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға да өз кандидаттарын ұсынған. Мәжіліске 5 партиядан барлығы 312 кандидат, оның ішінде: «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан 19; «Nur Otan» партиясынан 126; «ADAL» саяси партиясынан 16; Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан 38 және «Қазақстанның Халық партиясынан» 113 адам бар. Ал жергілікті мәслихаттарға 832, оның ішінде «Ауыл» ХДПП-нан – 158, «Nur Otan» партиясынан - 216, «ADAL» СП-нан – 215, «Ақ жол» ҚДП-нан – 174, «Қазақстан Халық партиясынан» 69 партиялық тізім тіркелді.