Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының жас әртістері ұсынған «Кешкі 7» спектакль-концерті көрерменнің ыстық ықыласына бөленуде, деп хабарлайды Ult.kz.
2023 жылдың сәуірінде өткен премьерадан бастап ерекше форматтағы бұл қойылым көрермен жүрегін жаулап алды. Жоба актерлердің өмірі мен күнделіктеріндегі махаббат оқиғаларына негізделген. Жас режиссер Бәзіл Сұлтанғазы, қоюшы-суретші Шынар Елембаева және хормейстерлер Ержан Сансызбаев пен Сұлтан Тұрсынбековтің бірлескен жұмысы шынайы әрі әсерлі қойылымды дүниеге әкелді.
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
Идея грим бөлмесінде актерлердің махаббат туралы әңгімелесуінен туындаған. Нәтижесінде, олардың басынан өткен оқиғаларға негізделген авторлық әндер мен өлеңдер сахнада шырқалады.
«Кешкі 7» Көкшетау, Қарағанды және Павлодар қалаларында көрсетіліп, 4 мыңнан астам көрерменнің жоғары бағасына ие болды. Қойылым авторлары алдағы уақытта гастрольдік тур арқылы Қазақстанның барлық қаласына баруды жоспарлап отыр.