10 қаң, 2021 сағат 11:12

Халықаралық байқаушылар Алматыдағы сайлау барысына жоғары баға берді

Халықаралық байқаушылар Алматыдағы сайлау учаскелеріндегі жұмысқа жоғары баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дауыс беру басталғаннан бері халықаралық байқаушылар бірнеше сайлау учаскелерінде болып, сайлау барысына баға берді. 

Венгриялық Шандор Ковач Қазақстанға осымен бесінші рет халықаралық байқаушы ретінде келіп отырғанын жеткізді.

«Мен Қазақстанға осымен бесінші рет халықаралық байқаушы ретінде келіп отырмын. Бұған дейінгі сайлау сияқты бұл жолы да жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қазір өтіп жатқан сайлау ерекше, өйткені ол пандемияға байланысты өте ауыр кезеңде ұйымдастырылып отыр. Учаскелерде келушілер үшін арнайы кіру және шығу есігі ұйымдастырылғанын көрдік, бұл өте жақсы. Пандемияға қарамастан дауыс берушілер саны көп болады деген ойдамын»,-деді ол.

Сонымен қатар, ол сайлау барысында ешқандай заңбұзылушылықты байқамағанын жеткізді.

«Әр адам өз құқығын пайдаланып дауыс бергені дұрыс, дауыс берушілер саны көп болған сайын ол нәтижелі болады. Өзге елдер сиқяты мұнда да жергілікті байқаушылар сайлау барысын бақылауда. Оған қоса сайлау барысымен танысуға мүмкіндіктер жасалған. Сайлау учаскесінде қажетті сұрақтарды қойып, жауап ала білдік, ешқандай проблема болған жоқ» ,-дейді Шандор Ковач.

Норвегиядан келген халықаралық байқаушы Мортен Мидтског сайлауда карантин шаралары қатаң сақталғанын жеткізді.

«Бүгінгі сайлау дұрыс ұйымдастырылған. Мен бүгін шамамен бес учаскеге бардым. Мен үшін сайлау барысын бақылау қызық болды. Біздің Норвегияда да сайлау осы үрдісте жүреді. Дегенмен, сіздерде карантин шараларын сақтауға жақсы мән берілген. Келушілер маска таққан және дене қызуларын тексеріп кіргізуде. Жоғары дәрежеде ұйымдастырлыған. Жергілікті атқарушы органдар жақсы жұмыс істегені көрініп тұр»,- дейді шетелдік байқаушы.