Фото: ҚР МАМ
2 қазан күні Ақтаудағы Достық үйінде халықаралық «Қорқыт ата» кинофестивалі аясында Түркі әлемі киносаммиті ұйымдастырылды. «Түркі әлемі және кино: ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» тақырыбын арқау еткен жиын кино өнері арқылы мәдени байланысты нығайтуды көздеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Киносаммитке мемлекеттік органдар, ұлттық киноорталықтар, сарапшылар мен режиссерлер қатысып, кино саласындағы мемлекеттік саясат, халықаралық копродукция және бірлескен жобалардың болашағы талқыланды.
Алғашқы панельде ұлттық кинематографияны қолдау бағытындағы мемлекеттік саясатқа назар аударылды. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали соңғы алты жылдағы жұмыс нәтижелерін ұсынды. Оның айтуынша, осы кезеңде 119 киножоба жүзеге асырылып, оның ішінде 34-і жас режиссерлердің дебюттік фильмі. Қазақстандық картиналар 300-ден астам халықаралық фестивальге қатысып, 177 жүлдеге ие болған.
Фото: ҚР МАМ
Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркиядан келген кино мамандары да өз тәжірибесін бөлісіп, ортақ нарық құрудың мүмкіндіктерін, бірлескен өндірістерді дамытудың маңызын атап өтті.
Киносаммит қорытындысында қатысушылар түркі елдерінің кинематографиядағы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге және ортақ жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін білдірді.
