23 қаз, 2025 сағат 15:47

Қоныс тойдың мәні мен мағынасы: қазақы дәстүрдің тамыры тереңде

Фото: pinterest.com
Қоныс той — қазақ халқының ең қуанышты отбасылық дәстүрлерінің бірі. Ол — жаңа үйге қоныстанған отбасының қуанышын бөлісу, сол үйге береке мен құт тілеп, жақсы ниетпен бата жасау рәсімі. Бұл мерекенің өзіндік жол-жоралғылары мен рәсімдері бар.

Үйге алғаш кірерде немесе қонақтар келгенде дастархан жайылып, май, нан, тұз, қант сияқты молшылықтың нышандары қойылады. Бұл ырымды қазақта "үйді майлау" деп атайды. Үлкен кісілер «Үйің майға, дастарханың нанға толсын!», «Ошағың ортаймасын!» деп бата береді.

Кей өңірлерде табалдырықтан ішке қарай май жағып, «үй майланды» деп ырым жасайды.

Бұдан бөлек, үйдің жаңа ошағына (пешке немесе газ плитасына) май тамызып, «отың сөнбесін, үйіңнің оты берекелі болсын» деп тілек айтылады. Бұл — жаңа үйдің оты, яғни өмірі мен жылуы ешқашан сөнбесін деген ырым.

Үй йесі қонақтарға кең дастархан жаятыны айтпаса да түсінікті. Міндетті түрде ет асылып, дастарханға тәттілер, сусындар, түрлі тағамдар қойылады. Әдетте, дастархан басында үлкендер тілек айтып, бата береді. Мұны қазақта — «Есік көрсету дәстүрі» деп атайды.

Жаңа үйге көшіп келген кезде елімізде көп отбасылар құрбан шалынады. Құрбандыққа әдетте қой немесе тоқты сояды. Бұл да — үйге құт-береке келсін, пәле-жаладан сақтасын деген ниетпен жасалатын рәсім. Құрбандық етінің бір бөлігі дастарханға қойылса, тағы бір бөлігі қонақтарға таратылады, қалғаны шаңырақ иесінде қалады.

Жаңа шаңыраққа келген қонақтар қоныс иелеріне құр қол келмейді. Олар сыйлыққа кілем, ыдыс-аяқ, техника, үйге керек заттар алып келеді. Бұл дәстүр «қоныс сыйы» деп аталады. Ол — бір жағынан жаңа үйдің иесіне көмек болса, екінші жағынан «жаңа үйің бос болмасын, затқа, берекеге толсын» деген ырым.

Үй иесі де қуанышты бөлісіп келген қонақтарға өз сый-сияпатын береді.  Ол әдетте естелік бұйым, тәттілер болуы мүмкін.

Әрине қоныс тойы қуанышты, елеулі рәсім болғандықтан келушілер міндетті түрде үй иелеріне жақсы тілектерін тілеп, бата береді.