16 қар, 2020 сағат 17:27

Коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу жалғасады - Президент

Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде кеңесте мемлекет тарапынан коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу жалғасатынын атап өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Жиында ҚР Президенті мемлекет тарапынан коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу жалғасатынын атап өтті. 

Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерін қажетті көлемдегі қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл үшін Үкімет отандық бетперделер мен басқа да жеке қорғаныш құралдарын өндірушілерді кепілді көлемдегі шикізатпен қамтамасыз етудің тетігін әзірлеуі тиіс. Пандемияға қарсы барлық шаралар мейлінше ашық болуы қажет.

– Үкімет жемқорлыққа жол берілуі мүмкін барлық учаскелерді қатаң бақылауға алуы тиіс. Пандемияның бірінші толқыны кезінде жемқорлықпен бетпе-бет келдік. Бұл – медициналық бетперделер мен дәрі-дәрмек бағасын арттыру, бақылау-өткізу пунктеріндегі құқық бұзушылықтар, медицина қызметкерлеріне төлем тағайындау кезіндегі жемқорлық. Бақылаушы органдардың, яғни, полиция қызметкерлерінің, әкімдіктер мен мониторинг өткізетін топтардың жұмыс сапасына ерекше назар аудару қажет. Пандемия кезінде оларға бизнес пен азаматтарды тексеруге зор, яғни, төтенше өкілеттіктер берілді деуге болады. Бұл өзін-өзі ақтады. Мұндай өкілеттіктерді дұрыс қолданған жөн, оны асыра пайдалануға болмайды. «Кімді және қашан тексеретінімді өзім білемін» деген қағидаға жол берілмесін, – деді Президент.