06 нау, 2026 сағат 12:10

Қостанайда әйел экс-күйеуін асыранды қызына әдепсіз әрекет жасады деп айыптады: іс неге тоқтатылды?


Фото: pixаbay.com


Қостанайда әйел бұрынғы жұбайын асыранды қызына жыныстық сипаттағы әрекеттер жасады деп айыптап отыр. Оның айтуынша, бұл жайт сот процесі барысында белгілі болған. Алайда қозғалған қылмыстық іс кейін құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған, деп хабарлайды Ult.kz AstanaTV арнасына сілтеме жасап.


Қостанай тұрғынының сөзінше, ол бұрынғы күйеуімен бірге екі баланы нәресте кезінен асырап алған. Қазір ұл бала 17 жаста, ал қыз 11 жаста. Ерлі-зайыптылар екі жыл бұрын ажырасқан.


Әйелдің айтуынша, ажырасу кезінде балалар әкесін ата-ана құқығынан айыруды талап еткен. Сол сот процесі барысында қыз бірнеше жыл бойы асыранды әкесінің тарапынан жыныстық сипаттағы әрекеттерге ұшырағанын айтқан.


Белгілі себептерге байланысты әйел өз аты-жөнін жарияламауды және жүзін көрсетпеуді сұраған.

Оның сөзінше, сот асырап алуды тоқтату ісі бойынша психиатриялық-психологиялық сараптама тағайындаған. Сараптама барысында психолог қыздың психологиялық жарақат алғанын анықтаған.


Әйелдің айтуынша, Павлодардан шақырылған маман қызбен жеке сөйлесіп, оның сеніміне кіргеннен кейін бала кейбір жайттарды айтып берген.


Осыдан кейін әйел бұрынғы жұбайына қатысты полицияға арыз жазған. Алайда Қостанай облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанымен, кейін тоқтатылғанын мәлімдеді.


«Іс бойынша барлық мән-жай жан-жақты, толық әрі объективті зерттелді. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды», – деп хабарлады ведомство.



Алайда әйел мен оның адвокаты бұл шешіммен келіспейтінін айтып, істің тоқтатылуына шағым түсірмек. Олар істі қайта қарап, кінәлі тұлға жауапкершілікке тартылуы тиіс деп есептейді.