1 тамызда Астанада әлемге әйгілі поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің концерті дүркіреп өтті. Бірақ қазақстандықтар көнцертті әр түрлі қабылдап, жанжақты пікірлер білдіріп жатыр. Бұл туралы Ult.kz тілшісі хабарлайды.
«АБАЙ – 180 SOS! БОЙКОТ ЛОПЕС!!! »
«Егер Лопес дәл Абайдың 180 жылдық мерейтойы ресми басталған 1 тамыз күні Астанада концерт беріп, дәл Абайдың юбилейі мәресіне жететін 10 тамыз күні Алматыда концертін тәмамдамағанда мен бұл шараға ештеңе демес едім», ‒ деген дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай Абайдың 180 жылдығы мерейтойы Дженнифер Лопес концертінің тасасында елеусіз қалды деп қынжылыс білдірді.
Фото: Ерлан Төлеутай / opennews.kz
Ол бұл туралы өзінің фейсбук парақшасында жазды.
«Міне бүгін Абай тойы басталғалы үшінші күн, айтыңыздаршы, 180-ге келіп жатқан қазақтың бас ақыны туралы жылт еткен жарты жол ақпарат бар ма, барлық БАҚ мен күллі әлеужелі біткен Лопестің к*тінің айналасында бөрінің көтіндей шуласуда. Бұл деген Үкімет бекіткен Абайдың ресми тойы Лопестің бөксесі тудырған алапат ақпарат тасқынының астында қалды деген сөз!» ‒ деп ашуланды өнертанушы.
Ерлан Төлеутай Дженнифер Лопестің өзінде шаруасы жоқ, бірақ оның көнцертін Абайдың 180 жылдық мерейтойы уақытына қойған ұйымдастырушылар мен билікке шүйлікті.
«Өйткені біздің ұлтсыздандырылған яғни денационализацияланған билік Лопестің концертін Абай тойы өтетін күндерге қасақана қойып, әдейі істеп отыр және осыны жасатып отырғанның ішінде бір орыс жоқ, бәрі өз қазағыңның баласының қолымен істелуде. Сондағы көздегендері – Абай мерейтойын мәдени маңызынан айыру, оның рухани сипатын жою. Осылайша Абайдың халық алдындағы биік тұлғасын төмендету арқылы ұлы ойшыл мұрасын десакрализация жасау. Қысқасы, қазақ халқының алдында ұлттың Бас ақынын, ұлы ойшылын никто қылу!» ‒ деді Төлеутай.
Осылай деген өнертанушы халықты 10 тамыз күні Алматыда өтетін Дженнифер Лопестің концертіне бойкот жариялауға шақырды.
Сонымен қатар әлеуметтік желіде Дженнифер Лопестің сахналық образын сынға алып, оның киімі тым бейәдеп, ерсі, әрі ашық-шашық деп сынап жатқан да адамдар бар. Сондай-ақ оның биі, жүріс тұрысы да көңілдерінен шықпайтындар кездеседі.
«Стриптиз-шоуды энергиямен шатастырады»
Өздерін сауаттымын деп жүргендер стриптиз-шоуды энергиямен шатастырады деп есептейді журналист Сәуле Әбілдаханқызы.
Фото: Сәуле Әбілдаханқызының фейсбук парақшасынан
«Бұл - бар болғаны стриптиз-шоу ғана... ондаған сағаттық сценарий, репетиция, постановка, команда... және "секс саласындағы" жеке тәжірибесі мен дозаның, миллиондаған ақшаның құдіреті... Ал энергия - ол энергия...
Мақтаулы кемпірлеріңнің стриптиз-шоуынан нашақорлық пен азғындықтың ғана энергиясы көрінеді... », ‒ деп сынады журналист.
Ал әншінің сырт келбетін пластикалық отаның нәтижесі деп есептейді ол.
«Пластикалық операциямен жасалған жасанды түрін "керемет" деп тамсанып, "костюмдері керемет болды" деп отырғандар соқыр-ау... Қайдан, қандай костюм көріп тұрсыңдар? Купальник, тұрсиді қашаннан бері костюм дейтін болғансыңдар? », ‒ деген Сәуле Әбілдаханқызы Лопес концертін Абай күндеріне қоюы - ұйымдастырушылардың, министрліктің әдейі істегені, бұл жүйенің қазақ руханиятына да, Абайға да түкіргені деп санайтынын айтты.
«Азғын боп анаша, есірткіні насихаттады ма?»
Жазушы, журналист Қанат Тілеухан Дженнифер Лопесті сынап жатқандар туралы пікір білдірді. Ол «Денниферді сынап жатқандар концертіне барды ма?» деп сұрақ қойды.
Фото: Қанат Тілеухан / kitap.kz
«Әңгіменің бәрі оның бөксесі. Тоқ бөксе көруге еркектің бәрі құмар емес пе? Оның жанды дауыста ән салғаны, алпысқа келіп қалса да билеуі неге сөз емес? Бөксе демекші бөксенің көкесін көлге барғанда көріп жүрген жоқсыңдар ма? Ғаламторда онсызда толып жатыр ғой. Әлде Шыңғысхан заманындағыдай тері жамылып алып жайлауға көшкенде, жайлаудан түскенде суға түсесіздер ме?
Лопес кім? Бір рөлі үшін қаршадай кезінде бір млн доллар тапқан талант. Әлемге мәшһүр Голливудттың даңқ алеясына есімі қашалған актриса. Кинодағы сол өнері үшін Оскардан кейінгі мықты «Алтын глобус» бәйгесін жеңіп алған. Бір жылдары Форстың жазуы бойынша әлемдегі ең ықпалды әйелдердің қатарына кірді.
Біреулер азғын дейді. Азғын боп анаша, есірткіні насихаттады ма? Отбасылық құндылыққа қарсы ма? Керісінше жақында Ресейге концерт өткізуден бас тартқан ақпар шықты. Репутацияма әсер етеді депті әнші», ‒ дейді Қанат Тілеухан.
«Өнерде шекара жоқ»
Сонымен қатар ол «Абай тойында масқара болдық» деп жатқандарға жауап беріпті.
«Сол Абай айтқандай өнері мен еңбегімен өзгелерден озған жан емес пе?! Өнерде шекара жоқ. Астана мен Алматыда көрермені бар. Неге олар көрмеуі керек. Қайта Ұлы ақынымыздың тойында Абайымызды оған таныстырайық. Әйгілі америкалық саяхатшы Д. Кенанның жазбаларында Абай жайлы дерек барын көрсетейік», ‒ деп айтты ол.
Дженифер Лопес барғандар неге қазақ әншілеріне бармайды деген де әңгіме жүр. Бұл туралы журналист былай дейді:
«Біздің Димаш АҚШ, Англияға барды. Қазақта неміз бар, өз әншілерімізді тыңдайық деп Димаштан кім теріс айналды. Алматыға да кеп жатыр Димаш үшін. Сонда америкалық әншіні қазақ болмағаны үшін тыңдамау керек пе? Керісінше салафан пакет пен салаттың ортасында қалған біздің шоу бизнес өкілдеріне қозғау болсын дейік», ‒ деп жазады Қ. Тілеухан өзінің фейсбук парақшасында.
«Мәдениет деген, тіпті, ғылым-білім де емес»
Әлеуметтік желі қолданушысы Меруерт Алтынбек Дженнифер Лопестің киіміне бола оны қаралап, ар-намысына тиетін сөздер айтып жатқандар бар екенін тілге тиек етіп, мұның мәдениетсіздік екенін жеткізді.
«Обал-сауапты білмейтіндер Женіперді нақақ қаралап, "Көтімен ән айтады" деп, тіпті, ар- намысына тиетін сөздер айта бастапты. Қазақша білмейтіндіктен сотқа арызданып, қақысын қорғай алмайтын болғасын, ұяттан емес, тек таяқтан ығатындар ойына келгенін айта береді де...
Ұят пен мәдениеттің жоқтаушысы болу деген-біреуді өз менталитетіңе күштеп көндіру, ал бағынбағанды "ақымақ", "арсызға" телу емес қой. Сосын, мәдениет пен ар-ұяттың- кимешек пен қос етек көйлектің төңірегімен шектелмейтіні балаға да белгілі шығар. Мәдениет деген, тіпті, ғылым-білім де емес. Қырық жыл оқысаң да, кеудең тесік болса-тесік шелекке су тұрмайды. Мәдениет ‒ өзгенің еңбегін, қақысын, қалауын құрметтей отырып, өзің де адалдықтан, әділеттен аттап, жұртқа қиянат жасамау! Мәдениет деген-өзіңнің сасық көкірегің мен, тойымсыз меніңнің ығына жығылып кетіп, өзгені құрбан етіп алмау. Ұят пен мәдениет ‒ егіз. Бірақ, оны адамның киімінен, білімінен, байлығынан, атақ-мансабынан таба алмайсың. Адамның ұяты мен мәдениетінің өлшемін-оның өзгелермен қалай қарым-қатынас жасайтынына қарап қана бағамдау мүмкін.
Біз адамның рухани ішкі мәдениетін сөз етіп отырмыз. Талас болмас үшін айта кетейік», ‒ дейді ол өзінің желідегі парақшасында», ‒ дейді Меруерт Алтынбек.
Айта кетейік, әлемге әйгілі әнші, актриса Дженнифер Лопестің 1 тамызда Астанада өткен концертіне 25 мыңнан астам адам барған. Ал Алматыда өтетін концерті 10 тамызға жоспарланған. Дәл осы он күн аралығында қазақтің данышпан-ойшылы, философ, ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы атап өтіліп жатыр.
10 тамыз Абайдың туғанына 180 жыл толады.
Балжан Жеңісқызы
