23 қаң, 2025 сағат 14:09

"Күлдіреміз деп бүлдіріп жатырмыз" – 2024 жылы қазақстандық 90 фильм прокатқа шықса, оның 56-сы – комедия

Фото:massaget.kz
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов Қазақстанда түсіріліп жатқан фильмдердің сапасы сын көтермейтінін айтып отыр. Бұл туралы  Ult.kz хабарлайды.

Кино – идеология, саясат және ұлттың қауіпсіздігі деп есептейтін мәжілісмен "кино – бүтін ұлтты ұйытатын, сол арқылы жас ұрпақтың санасына әсер ететін күшті қару" дейді. Алайда Жанарбек Әшімжанов "кино саясаты қоғам көшін бастауы керек еді, ал біздің бұл өнеріміз қоғамның жетегінде кетіп барады" деп қынжылды.

"Дәл осы найзағайдың отына нан пісіріп жатқан кезеңде кино – бірінші кезекте бизнес емес, өнер, ұлттық ұстаным миссиясын атқару керек. Сондықтан  режиссерлер мен сценаристер ең әуелі кинофестивальдардан сыйлық алуды емес, киноның ұлтқа әкелер пайдасын, ұрпаққа берер тәлімін көбірек ойлағаны лазым. Әбжыландай ысқырған бүгінгі жаһандану дәуірі еліміздің ұлттық кино саясатын түбегейлі қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Тіпті, бала-шағамызбен қатар отырып фильм көрсең, бетіңнен отың шығып кірерге тесік таппайсың. Анайы эпизодтар мен сүйегіңнен өтетін бейпіл диалогтар, шұп-шұбар тіл, атыс-шабыс, жадағай жаргон сөздер, одан қалса әр жерден ұрлап-жырлап, көшіріп алған инкубатор-фильмдер. Керек десеңіз, мұндай теріс имидж тудыратын фильмдер ақыл-есі түзі жұрттың ашуын туғызуда", дейді депутат.

Оның пікірінше қатаң сүзгінің жоқтығынан қазақтың көркем де шұрайлы тілі күйреп жатыр. Экран мен эфирде көшенің тілі үстемдік ала бастады. Сонымен қатар,  дәстүріңді дәлдүріш қып, теріс діни ағымдардың насихатын күйттеп жүрген таспалар да жоқ емес.

"Өткен 2024 жылы қазақстандық 90 фильм прокатқа шығыпты. Соның 56-ы – комедия. Күлдіреміз деп бүлдіріп жатырмыз. Жалпы, қазір күлетін кезең бе?.. Картиналар жыл сайын 30 фильмге толыққан. Кассадан түскен түсімдер де аз емес. 6 фильм миллиард теңгеден астам касса жинаған. Бірақ көпшілігінің сапасы сын көтермейді. Көбі тарихи, экшн, комедиялық, авторлық фильмдер. Ұлттық кинолардың қатыр тым аз. Ұлттық статистика бюросы 2024 жылы қазақстандықтар 17 млн 47 мың 524 рет киноға барса, соның үштен бірі – алты миллионға жуығы отандық фильмдерді тамашалаған", -деген депутат отандық фильмдерге сұраныс бар екенін айтып, әлеуметтік сауалнама бойынша ұлттық киноны көргісі келетіндердің қатары артқанын жеткізіп, мемлекеттен қолдау қажет екенін айтты.


Сондықтан, Ж. Әшімжанов салаға жауапты министрлік бүкіл мемлекет бойынша түсірілетін фильмдердің идеологиялық, тілдік, ұлттық ұстанымын реттеу тетігін қарастыратын арнайы көркемдік-сараптамалық кеңес құруқажет деп есептейді.
Екінші, мемлекеттік тілдегі ұлттық фильмдердің үлес салмағына басымдық беріп, үшінші, фильмдерде мемлекеттік тілдің нормаларын бұзуды қатаң қадағалау қажет екенін айтады. Сонымен қатар, халықты арнайы ұлттық киноларды көрсететін кинотеатрлармен қамтамасыз ету қажет деп есептейді.