11 жел, 2020 сағат 11:30

Квазимемлекеттік сектор үшін комплаенс-қызметтер құру міндетті болды - Анар Жарова

Квазимемлекеттік сектор үшін комплаенс-қызметтер құру міндетті болды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Анар Жарова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2017 жылы сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін Білім және ғылым министрлігінің ведомстволық бағынысты компанияларының бірінің басшысы сотталды. Осыған қарамастан, бұл адам квазимемлекеттік ұйымның басшысы лауазымында жұмысын жалғастыра отырып, басқа да бірқатар сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған. Оларды біз қазір тексеріп жатырмыз. Осы адаммен еңбек қатынастарын уақтылы тоқтатқан жағдайда, мемлекетке зиян келтіру түріндегі салдармен байланысты жағдайды болдырмау мүмкін еді. Бұл тұрғыда өткен жылдың желтоқсанынан бастап мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор басшыларының қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар жасауының алдын алу міндеті енгізілгенін еске салған жөн», - деді А. Жарова онлайн брифингіде.

Оның айтуынша, квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу мақсатында Агенттік корпоративтік адалдық стандарттарын сақтауға жауапты комплаенс-қызметтер институтын енгізуге бастамашылық жасады.

«Осы жылдың 17 қазанынан бастап заңнамалық деңгейде мұндай институт енгізілді. Тиісті түзетулер «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға енгізілді. Квазимемлекеттік сектор үшін бұл норма міндетті. Жеке компаниялар өздерінің қалауы бойынша комплаенс-қызметтер құра алады, мұндай құқық оларға заңмен бекітілген. «Самұрық-Қазына «ҰӘҚ» АҚ, «Зерде» холдингі, «ҚТЖ» АҚ сияқты бірқатар ірі компанияда бұрын комплаенс жұмыс істеді. Біздің ұстанымымыз – квазимемлекеттік компанияларда комплаенс-қызметтердің құрылуы мен тиімді жұмыс істеуіне қол жеткізе отырып, бұл жұмысты одан әрі жалғастыру», - деді А. Жарова.