22 ақп, 2024 сағат 10:11

Қытай мен Астана хабы мемлекеттік басқару академияларының Қытай-Орталық Азия желісін дамыту аясындағы ынтымақтастығын кеңейтуде


Астана Мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитеті төрағасы Алихан Байменов пен Қытай ұлттық мемлекеттік басқару академиясы атқарушы Вице-президенті Си Чунтао екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.


Кездесуге ҚХР-ның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо, ҚКП Орталық комитеті мен Қытай ұлттық мемлекеттік басқару академиясы өкілдері қатысты.
Кездесуде Алихан Байменов «қай заманда да саналуандық адамзат өркениеті дамуының шешуші факторы болды. Сонымен қатар, диалог пен ынтымақтастық дамуға әрқашан жаңа серпін берді», - деді. Оның айтуынша, Қытай тең құрылтайшыларының бірі ретінде Хабтың бастамаларына белсенді араласып, қолдау көрсетіп келеді. 
Си Чунтао өткен жылдың қараша айында Бейжіңде өткен «Өркениет дәстүрлері және модернизация жолы» Форумы мен сол форум аясында құрылған Қытай-Орталық Азия мемлекеттік басқару академиялары желісі Қытай және Орталық Азия елдерінің Сианьдағы көшбасшылар саммитінде қабылдаған шешімдерді іске асыруының алғашқы тетіктерінің бірі болғанын атап айтты. 
Ол Қытай ұлттық академиясы Астана мемлекеттік қызмет хабымен және тиісті институттармен ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін жеткізді. Ынтымақтастық аясында биыл іс-шара өткізу жоспарлануда, осыған орай Қытайда өтетін Мемлекеттік басқару форумына шақырды. 
Алихан Байменов те Желінің әлеуетін толыққанды іске асыру үшін бірқатар нақты бірлескен жоба ұсынды. Хабтың практиктер альянсын құру саласындағы табысты тәжірибесін ескере отырып, академияларда «тең теңімен» қағидаты негізінде тұрақты тәжірибе мен білім алмасу үшін оқу бағдарламаларын әзірлеуге жауаптылар арасында практиктер Альянсын құру ұсынылды. 
Сонымен қатар, арнайы зерттеулер жасау және Қытай тәжірибесі негізінде кейс-стади жасау әрі Желіге қатысушы елдер ғалымдарының мақалаларын жариялау үшін Хаб журналында арнайы айдар ашу да сөз болды.
Қытай тарапы аймақта және одан тыс жерлерде мемлекеттік басқару академияларының Қытай-Орталық Азия желісінің қызметін кеңейтудегі ынтымақтастық динамикасы мен Хаб платформасының әлеуетін жоғары бағалады. Кездесуге қатысушылар бірлескен бастамаларды іске асыру жөнінде ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін білдірді.
2023 жылы Мемлекеттік басқару академияларының Қытай-Орталық Азия желісін құру туралы келісімге қол қойылды. Оның құрамына Хабты қоса алғанда алты елдің (Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан) мемлекеттік мекемелері кірді. Желінің мақсаты – кадрларды даярлау және қайта даярлау мәселесімен қатар, мемлекеттік басқаруды трансформациялау саласында тәжірибе мен білім алмасу.