
Жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамалармен қамтамасыз етілетін болады. Бұл туралы Мәжілісте «Nur Otan» партиясының сайлау алдындағы міндеттемелерін іске асыруға арналған талқылау кезінде Премьер-Министр Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Жол картасының екінші бағытындағы (Зияткер, саламатты және ыждағатты ұлт) мақсаттарды шешу үшін 69 іс-шара қамтылған.
«Мәдениет пен ғылымды қолдау, сондай-ақ елдің зияткерлік әлеуетін дамыту жұмыстары жалғасады. Жыл сайын қазақстандық 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамалармен қамтамасыз етілетін болады», - деді А. Мамин.
Оның сөзіне қарағанда, 2025 жылға қарай мәдениет саласының 1500 нысаны салынады және жөндеуден өтеді. Жыл сайын 300 нысан құрылыспен және жаңғырту жұмыстарымен қамтылады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет «Nur Otan» партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясының алдында сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру бойынша тиісті Жол картасының жобасын ұсынды.
Жол картасы Сайлауалды бағдарламасының төрт бағыты бойынша 362 іс-шарадан тұрады:
- бірінші - «Баршаға тең мүмкіндік»; - екінші - «Зияткер, саламатты және ыждағатты ұлт; - үшінші - «Экономика мен өңірлердің тұрақты дамуы» және төртінші - «Халыққа есеп беретін мемлекет және жауапты азаматтар».
