
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ІТ саласында 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Цифрлық индустриядағы бизнесті қолдау шараларының арқасында біз бір мыңнан астам инновациялық компания құруды жоспарлап отырмыз. Жалпы, IT-индустриясында 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Бұл экономиканың барлық саласына мультипликативті әсер береді», - деді Асқар Мамин «Digital Almaty 2021- Жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» атты халықаралық форумында.
Сонымен қатар, ол алдағы бес жыл ішінде барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалар 5G желісімен қамтамасыз етілетіндігін атап өтті.
«Бүгінгі таңда цифрландыруды дамыту мәселелері бұрынғыдан да өзекті. Біздің алдағы онжылдықтағы бәсекеге қабілеттілігіміз ұлттық экономика деңгейінде де, ЕАЭО кеңістігі деңгейінде де технологиялық жұмысымызға байланысты болады. Одақ органдарына төрағалық ету шеңберінде Қазақстан ЕАЭО бірыңғай нарығын цифрландыру әлеуетін толық іске асыруға күшін салады. Біз Одақтың күн тәртібінде тұрған цифрлық дамуға қатысты бастамаларды әзірлеу мен іске асыруға бірлесіп күш саламыз», - деді Асқар Мамин.
