02 ақп, 2021 сағат 09:05

Мамин: Реформалардың жаңа пакеті экономиканы қысқа мерзімде қалпына келтіруге жағдай жасайды

Реформалардың жаңа пакеті – экономиканы қысқа мерзімді перспективада қалпына келтіруге және еліміздің орнықты әрі сапалы экономикалық өсу жолына шығуына жағдай жасайды. Бұл бағытта ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекетті басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын сапалы іске асыру үшін Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, 15 ақпанға дейін нақты іс-қимылдар жоспарын әзірлесін және Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізсін. Сонымен қатар, Ұлттық экономика министрлігіне Аумақтық даму жоспарының жаңартылған жобасын биылғы 1 сәуірге дейін әзірлеуді тапсырамын», - деді А. Мамин Үкіметтің бүгінгі отырысында. 

Премьер-Министр Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері мен Бәсекелестікті қорғау агенттігіне екі аптада Жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру бойынша келісілген ұсыныстарды енгізуді тапсырды. 

«Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, экономиканың сапалы және тұрақты өсуін қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл шаралар пакетін пысықтап, оны 8 ақпанға дейін Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізіп, Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның келесі отырысында қарауға шығарсын. Сонымен қатар, Қайрат Нематұлы (Келімбетов – ред.) биыл өткізілетін халық санағын сапалы жүргізу мақсатында бір күн мерзімде менің тиісті өкімімнің жобасын енгізуді тапсырамын. Реформалардың жаңа пакеті – экономиканы қысқа мерзімді перспективада қалпына келтіруге және еліміздің орнықты әрі сапалы экономикалық өсу жолына шығуына жағдай жасайды. Осы бағытта жұмысты жалғастырамыз», - дейді А. Мамин. 

Бұған дейін Үкімет басшысы ұлттық басымдықтар, ұлттық жобалар және 2025 жылға дейін даму жоспары туралы тапсырмалар берген еді.