14 қаз, 2020 сағат 15:20

Мемлекет басшысы драматург Роза Мұқанованы құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев танымал жазушы, драматург Роза Мұқанованы туған күнімен құттықтады. Президенттің құттықтау хатын Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова табыстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Өзіңізді отандастарымыз шығармашылық жолдағы ізденістерге толы еңбегімен, адами асыл қасиеттерімен абыройға бөленген қаламы ұшқыр жазушы əрі драматург ретінде жақсы біледі жəне құрметтейді. Алдағы уақытта да ел əдебиетінің өркендеуіне сүбелі үлес қосып, тағылымы мол құнды дүниелеріңізді асыға күтетін ойлы оқырмандарыңызды жаңа туындыларыңызбен қуанта беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге зор денсаулық жəне отбасыңызға құт-береке тілеймін», - делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова Роза Мұқанованы Министрлік атынан да құттықтап, қызметіне табыс тіледі. 

Айта кетейік, Роза Мұқанова Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың (1989), Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2002). Сонымен қатар «Шатыр астындағы Мен» пьесасы Мемлекеттік Грант жүлдесінің (2008), Еуропа қоғамдастығының шешімі бойынша әдебиетке сіңірген еңбегі үшін Франц Кафка атындағы медальдің иегері (2011).