
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайырымдылық көрсету белсенділігін арттыру мақсатында Үкіметке бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біріншіден, қайырымдылықпен айналысатын ұйымдарға бастапқы жылдарында жеңілдетілген несие беріп, сондай-ақ оларға мемлекет меншігіндегі нысандарды жеңілдікпен пайдалану мүмкіндігін ұсыну керек. Екіншіден, кәсіпкерлер мен жеке тұлғалардың қайырымдылық пен еріктілердің жобаларына қатысуына жанама түрде ынталандырудың тиімді тетіктерін енгізу маңызды. Оның ішінде мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну кезінде басым құқықтар беруге болады. Үшіншіден, Мемлекет тарапынан да, бизнес тарапынан да қайырымдылық және еріктілер ұйымдарының қаржылық және қаржылық сипаттан тыс қолдау тетіктерін кеңейту қажет. Үкіметтен тиісті ұсыныстарды дайындауды сұраймын», - деді Мемлекет басшысы Волонтер жылының жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар қайырымдылықпен айналысатын ұйымдардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін Президент қайырымдылық ұйымдарының реестрін енгізу мәселесі жайлы да ойлану керектігін жеткізді.
«Ол осы саладағы барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелермен интеграциялануы тиіс. Қайырымдылық ұйымдарының қызметімен, олардың қаржылық есептілігімен танысқысы келетін кез келген адамға ол қолжетімді болуы керек. Электронды қайырымдылық саласындағы азаматтарды алаяқтықтан қорғау жүйесін құру да маңызды. Бүгінгі таңда бұл - қаржылық көмек аударымдарының ең жиі сұранысқа ие түрлерінің бірі. Әр үшінші қазақстандық онлайн режимде қайырымдылық жасауды жөн көреді. Халықтың сеніміне нұқсан келтірмеу үшін айналымға онлайн-банкинг арқылы жедел қайырымдылық жасау ұғымын енгізу қажет», - деді Президент.
