08 қаз, 2021 сағат 12:44

Мемлекеттік хатшы халық әртісі Досхан Жолжақсыновқа «Отан» орденін табыс етті


Алматыда ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың екі дүркін иегері Досхан Жолжақсыновқа «Отан» орденін салтанатты түрде табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл мәртебелі марапат танымал актерге ұлттық мәдениетті, кинематографияны және театр өнерін дамытудағы айрықша үлесі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен берілді

Шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, композитор Төлеген Мұхамеджанов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, мәдениет пен өнер қайраткерлері қатысты.


«Құрметті Досхан Қалиұлы, Сіздің сан қырлы шығармашылығыңызды елімізде білмейтін адам жоқ шығар. Қаршадайыңыздан қазақ руханиятына қызмет етіп, елдің есінде, жұрттың санасында мәңгілікке сақталатын рөлдерді сомдадыңыз. Сондықтан сіздің театр сахнасы мен кино экранында шоқтығы биік кейіпкерлерді бейнелеген актерлік шеберлігіңізге, нақышымен ән орындау өнеріңізге тәнті болған өнерсүйер қауым мен қарапайым көрермен өте көп. Кинорежиссер ретінде «Біржан сал», «Құнанбай» секілді кесек дүниелерді түсіріп, ұлттық кинематографиямыздың дамауына сүбелі үлес қостыңыз»,- деді Қырымбек Көшербаев.